Арқалықта аймақтық Құран жарысы өтті
Ізгілікті шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы, Қостанай қалалық және Амангелді аудандық мешітінің имамдары Шоқан Ғазизұлы мен Жандарбек Мубаракұлы құрметті қонақ ретінде қатысты.
Тағылымы мол, ерекше іс – шараға Арқалық қаласымен қатар көршілес Амангелді және Жангелдин аудандарынан да талапкерлер қатысты.
Сайыс 30 – шы парадан, сондай – ақ 15 және 25 сүре аралығында болды. Қасиетті құран жарысында 9-25 жас аралығындағы 32 үміткер бақтарын сынады.
– Мұндай жарыстар жастарымыздың рухын көтеріп, жарқын болашаққа ұмтылуларына ықпал жасайды, – дейді тағылымы мол іс-шараны ұйымдастырушы, іскер азамат, Арқалық қалалық мешітінің бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы.
Аймақтық құран жарысы өте тартымды өтті. Аталған мешіттегі ұстаз Арлан Бауыржанұлының шәкірттерді Құран жарысына дайындап және оны өткізудегі сіңірген еңбегін айрықша атап өткен жөн. Бұл күндері қалалық мешіттің сауат ашу курсында 48 адам дәріс алуда.Жарыстың қорытындысы бойынша бір парадан 9 жасар Көбехан Қалмырзаев, 25 сүреден Амандық Әбдіраев, 15 сүреден Нариман Нуридинов көзге түсіп, жүлдеге ие болды. Сондай – ақ, мұнда қосымша үш орынға ынталандыру марапаты белгіленді. Жалпы 9 сайыскерге ақшалай және заттай сыйлықтар табыс етілді.
Мұрат Жүнісұлы