Суриков ауылы суға батты (БЕЙНЕБАЯН)
Қостанай ауданына қарасты Суриков елді мекеніндегі жағдайды өз көзімізбен көріп, бағамдап қайттық. Осы аптаның дүйсенбісінен сейсенбісіне қараған түні, таңға жуық ауылға қарай сарқырап аққан судың дауысы суриковтықтарды аяғынан тік тұрғызды.
Шишкин селолық округінің әкімі жалма-жан аудан орталығына хабарласып, көмек шақырған. Қаннен-қаперсіз отырған Суриков тұрғындары бұрын бұндай жағдайға тап болмаған екен. Осындағы қарт кісілер әдетте су тек ауыл маңына ғана таяп, артынан іле кеуіп қалатын дейді.
Қырдан аққан қар суы алдын орап үлгертпей ауыл ішін жайлап, 20 шақты үй қарғынға белуарына дейін батып кеткен. Хабарды ести сала оқиға орнына бет алғандардың бірі – Қостанай аудандық мәслихатының хатшысы Аманкелді Досжанов мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндірді.-Аудан әкімімен бірге таң ата осында келдік. Тез арада құтқарушыларды жұмылдырып, су басқан үй иелерін мектепке көшіре бастадық. Барлық дүние-мүліктерін, қорадағы малына дейін құрғақ жерге алып шықтық. Қазір төртінші күн болды – осындамыз. Ең бастысы, ешқандай шығын жоқ. Бәрі дін-аман,-дейді А. Досжанов.
Суриков ауылында отыз үй, 180-ге жуық адам бар. Бүгіндері баспаналарын су басқан отбасылар ауылдық мектепте тұрып жатыр.
Жапа шеккендердің жерлестері, жеке кәсіпкер Асқар Әбілұлы оларды барлық керек-жарақпен қамтамасыз етіп, өз асханасынан үш мезгіл тамақтандырып отыр. Қиын сәтте ауылдастарына көмекке келген азамат бұл үшін ақы да алмайды.
Енідігі мәселе – жиналған қарғын суды ауыл сыртына ағызып жіберу. Бұл үшін қуаты мықты сорғыштар әкелініп жатыр.
Қазір мұнда дәрігерлер, электрші мамандар, құтқарушылар жұмылдырылған. Құтқарушылар мен қажетті техника Орал қаласынан да көмекке келді.
Жергілікті билік төсек-орын, азық-түлік, сондай-ақ мал ұстайтын отбасыларға азын-аулақ шөп те алдыртқан.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов алғашқы күндері тасқынның бас-қасында жүрген. Тапсырманы мүлтіксіз орындаған құтқарушылар тұрғындарды аман алып қалды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов алғашқы күндері тасқынның бас-қасында жүрген. Тапсырманы мүлтіксіз орындаған құтқарушылар тұрғындарды аман алып қалды.
Ендігі міндет – жағдайды мүмкіндігінше тезірек ретке келтіруге күш жұмылдыру. Біз де жағдайды бақылауда ұстап отыратын боламыз.
Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.