Жастардың думанды додасы
Асқарлы Астана күнінде байрағын көтерген «STREET ART» аудандық байқауы сарыкөлдіктерге естен кетпес ерекше көңіл күй сыйлады.
Жастардың дүбірлеген бұл думанды додасы Астана күнімен астасып, Тыңның 60 жылдығын да қамтыды. Өйткені, аудан әкімінің орынбасары Елжан Тұрабеков қос мерекенің құрметіне бір топ адамға «Үздік механизатор» дипломдары мен естелік сыйлықтарды тапсырды. Байқауға тоқталатын болсақ, бірінші бәйгені Станислав Стеценко бағындырса, екінші тұғырды Станислав Нарыжний еншілеп, ал Владислав Петровец үштіктен көрінді.
Жалпы, байқауға ауданның барлық ауылдық округтерінен атсалысты. Бұл шығармашылық шарада бақтарын сынағандар бойларындағы бар өнерлерін паш етті. Бірінші бөлім би бәйгесінен тұрса, ал екінші кезең ән додасы деп аталды. Аталмыш екі тарауда ән мен бидің шырайын шығарған шың шеберлер дүйім жұрттың делебесін қоздырды. Қаумалаған қауымның ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді. Ең бастысы, шаттыққа толы күнде қуаныштан жүздері бал-бұл жанған кеңпейіл көрермендер жастардың думанды додасын Астана күніне арналған сый деп қабылдады.
Осылайша, барша қауымды қуанышқа кенелткен байқаудың қорытындысында үздік үміткерлер қатысқандары үшін мадақтама қағаздарымен марапатталды.
Руслан Әлкеев
Сарыкөл ауданы