Балалар демалыста бос жүрмейді
Сейсенбі күні өңірімізге жұмыс сапарымен ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов келді.
Қалалық балалар шығармашылық үйінде министрдің және еліміздің облыстарындағы білім басқармалары басшыларының қатысуымен "2014 жылдың жазғы кезеңде балаларды сауықтыру, бос уақытын, демалысын ұйымдастыруға арналған дөңгелек үстел өтті.
"Жасөспірімдер мен балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі. Қостанай облысы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда көш басында тұр", -деді министр жиында.
Министрдің айтуынша, биыл еліміз бойынша 600 мың бала сауықтыру лагеріне барады. яғни 1-10 сынып оқушыларының 70 пайызын құрайды. Жазғы кезеңде республика бойынша 11 мың сауықтыру лагері және алаңы құрылатын болады. Өткен жылмен салыстырғанда бір шама көп. Мемлекеттік жеке серіктестік аясында 117 жеке сауықтыру лагері жұмыс істейтін болады. 2010-2014 жылдар аралығында 12 облыста 3100 орынға арналған 30 сауықтыру лагері ашылды.
Облыстық білім басқармасының жетекшісі Ә.Төртқараеваның айтуынша, Қостанай облысы бойынша қала шетінде 14 лагерь жұмыс істейді. Қазір Тобыл өңірі бойынша 9500 жасөспірім жазғы демалыс лагеріне барады.
Мұнан кейін жұмыс тобы генерал Бәкіров атындағы демалыс лагерінде болып, балалардың жазғы демалыстарын қалай өткізіп жатқанын көріп қайтты.
Шұға Қоңқабай
Сурет «Алау» телеарнасының сайтынан алынды