Журналистика жүйрігі
А.Байтурсынов атындағы ҚМУ-да Тарих ғылымдарының докторы, ҚР Тұңғыш Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының алты дүркін лауреаты, осы Одақтың аадемиясының президенті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Сағынбай Қозыбаевтың 75 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеші өтті.
Аталмыш іс-шараны Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана ұжымы "Ұлы даланың жеті қыры": қазақстандық қоғамның рухани дамуындағы кітапханалардың рөлі" халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында ұйымдастырды. Қазақ журналистикасы майталманының кешіне зиялы қауым өкілдері, журналистер, кітапхана қызметкерлері, қаладағы ЖОО оқытушылары мен студенттері қатысты.
Сағынбай Қабашұлы туған өлкесінде өткізіп отырған бұл кездесуінде өмірі мен еңбек жолындағы естеліктерінен сыр шертті. Қоғам, руханият, өлкетану бағыттарында сарапты сөз, салмақты ой қозғады. Іс-шара қонақтары журналистің "Душа моя – перо" атты кітабындағы шығармаларымен таныса алды.
Мерейтой иесін құттықтай келген облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов мәртебелі жерлесіміздің иығына шапан жауып, еңбектерінің библиографиясын сыйға тартты. Сондай-ақ, сақа журналистің қостанайлық қаламдас, қанаттас әріптестері – Жанұзақ Аязбеков пен Сергей Харченко жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Айта кетейік, Сағымбай Қозыбаев 1944 жылы Меңдіқара ауданында туған. 350-ден астам ғылыми жарияланымның, 19 монографияның авторы, осы күнге дейін қаламгердің 54 кітабы жарық көрген.
Назерке Дүкенбай,
ҚМУ студенті