Жарығы темірқазықтай (Сырбай Мәуленовті еске алу)
Сырбай Мәуленов соғысты көп жырлаған ақын. Бірақ оның жырларының жаңа толқын-жас оқырманға да, кешегі майдангерлерге де бірдей ұнамды болатын себебі неде? "Күндей күркіреп өткен соғыс" (Қасым сөзі) күркірі тынғалы сандаған жылдар өтсе де, ол өлеңдердің ескірмеуінің не сыры бар? Өйткені, Сырбай аға өлеңдері өмірдің өз бейнесі – шыншыл суретін салған қаламгердің жүрекжарды сөзі –бейбітшіліктің бейнесі. Шөлдемеген су қадірін қайдан біледі? Соғыс жанын ғана емес тәнін де жаралаған жаужүрек ақын өмірді ғашығындай сүйеді…
… Қызылорда пединститутының екінші курсынан – Сыр өлкесінен Дон өлкесіне аттанарда:
Он сегізде әскермін,
Ростовта келемін.
Күздің желі ұшырған,
Жаздың жасыл желегін, – деп түбітмұрт қиялшыл бала суретті өлең жазғанда соғыстың қара бұлты төніп келе жат-қанын әскери дабыл қысқа түнде төрт-бес рет оятып, казармаға қайта оралу арман боларын, ол ол ма – Ұлы Отан соғысының ең ауыр жүгі 1922 жылы туылғандардың балғын иығына зілбатпан салмақ болып орнарын ол білді ме екен?? Бірақ, ақиқат – сол. Ғаламат ғаламдық қырғында ең көп шейіт кеткендер де – 22-жылғылар…
… Пермь мен Черкасск (жаяу әскер училищесі), Ленинград түбіндегі Волхов майданы, аты сұлу Назия, Сурия өзендерін, Ладога көлін, оқ отаған Волхов орманын, кеңірдектен кешкен баптағына дейін Сырбай Мәуленовтің құдіретті қаламы тарихқа – өлмес өлеңге айналдырып жіберді. Өзі жас, өлеңі дана жас қаламгердің тұңғыш өлеңдер жинағын атақты Қасым Аманжоловтың қоғамдық негізде редактор болып сұрап алып өзі шығаруы жайдан-жай емес. Қысқа ғұмырдың мәңгілігіне бастайтын әбілхаят суының тамшысындай қадірлі естелік бұл бір…
"Сырбай Мәуленовтің өлеңі арқылы қазақ поэзиясының дамуын көруге болады" дейтін Қуандық Мәшһүр-Жүсіповтің сөзінің жаны бар. Майданнан келген Жұбан, Мұзафар, Құрманғали, академик Зейнолла Қабдоловтар жатқа айтатын:
Болдың ба сен Волховта,
Көрдің бе оның орманын.
Сол орманның ер талын,
Өз жанымдай қорғадым, – деген өлеңге ілесе, әр жылдары сатылап келіп еске түсетін соғыс тақырыбының бір ұлы суреті "Құлын" өлеңін "Тайыр мен Қасым" алғаш таныған, жақсы пікір айтқан, формасының өзгешелігін суперуақыти өлең дескен. Киіз туырлықты қазақтың соғысқа кеткеннің бәрі бір жерде соғысады деген аңғалдығына бағып Жеңістен соң сауылдап солдат түскен эшелонға барып – жетім мен жесір тас тағдырдың дайындап тұрған тауқыметін мойындағысы келмей бірі жарын, бірі әкесін сұрағанда аман қайтқанына кінәлідей болған жауынгерлер атанғанын аһ ұрған жүректің күрсініндей болып "Соғыстан қайтқан солдаттар" туды. "Көрдің бе оның көкесін, соғыстан қайтқан солдаттар"… Орыс К. Симоновтың дүние жүзі білетін "Күт мені, күт" өлеңіндегі соғыс суретіндей, жауынгер дұғасындай ұлы өлең қазақта тек Сырағаға тиесілі.
… Достықты цикл етіп, жырлаған ақын Сырбай өлеңдері Қазан мен Ақ Еділге, Түрікмен, Өзбек, Қырғызға танылды. Олардың қалам қайраткерлерінің Сыр-ағаңмен дос емесі жоқ.
Жаратылыс, табиғат жырларын оқығанда Фет пен Тютчевті жиыстырып, Есенин мен Рубцовты қоя тұрып найзағайдан шоршып түскен шоқтай жырларға үңілетінбіз. Үйренетінбіз. Нәзік жастықтың махаббат сырын сүйген қызға:
Сен мені ойладың ба?
Түсімде көрдім.
Тобылдың қойнауында,
Тобылғы ішінде көрдім, – деп бастап туған күнге "Сен екеуміз" жинағын қолтықтап баратынбыз. Замандастарының Сыр аға жайлы жазбағаны жоқ – Ақын да замандастарының тұтас портреттер галереясын өлеңмен де, қара сөзбен де сомдады. Ұлы Мұхтар өзі жайлы Сырбай өлеңін К.Симонов-қа аудартып қуана іштартқан-ды. Ғабит, Қасым, Сәбит, Ғафур, Ұйғынмен татулықтары қанттай еді. Әсіресе, Қасым жайлы жетпіс бет қара сөзбен жырланған естеліктің демін алған да арманда, алмаған да!
Сырбай Мәуленов азаматтық позициясы граниттей берік азамат ақын. Бұл – қыздырманың қызыл сөзі емес. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын деп, қазақ мектептері жабылмасын деп, шопанның қиын халіне жаны ауырып қаны сор-ғалаған шындықты қанжардай қаламмен осып жазып орнынан алынған "Қазақ әдебиеті" редакторы. Сыр-ағаның елу жетінші жылдардағы келбетін Садықбек Адамбековтен сұраңыз! "Процентаманияға" қарсы болған, Целиноградты Ақмола болсын деген, Қостанай уалаятындағы Голощекин стансасын өзгертуді бірінші болып ұсынған да біздің Сыр-ағаң. Сол жүрек 1986 жылы қазақты ұлтшыл деп жариялаған Саяси Бюро қаулысына қарсы сөз айтқанына Әбу Сәрсенбаев пен Хасен Өзденбаев куә. Сыр-аға жай сөйлеген жоқ: Е.Кригер мен И.Эренбургтің қазақтың қалай соғысқанын жазғанын қару етіп бүгіннің сауатсыз қанішері Колбин алдында сөйледі. Қара басын емес, халқын қорғады. Қазақты ғана емес, орыс халқын да көрсоқыр ұлдарынан қорғады. "Жаңсақ" сөйлегенсіп бес облысты бере салмақшы "Ресейдің қамқоры" Горбачевтің сөзіне де "Өркен" бетінде соққы берді… Аға ұрпақ кезінде Х.Есенжанов пен Ғ.Мұстафин романдарын да, жеке бастарын да жаңсақ жаладан қорғағанын айтса, біз – балалар кешегі жетпіс пен сексенінші жылдар арасында "Жігер" фестивалі тұсында әр жас талантқа әкедей қамқор болғанын айтамыз. "Біздің сүйікті Сыр-аға" дейміз…
1973 жылғы жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесінде мені өзінің шығармашылық тобына алып, пікір жазып, өлеңдерімді "Жұлдыз" журналына шығарып әкемдей бетімнен сүйгенде мен он жетіде едім.
Әлемнің кардиограммасын қабылдап жүретін Сырбай ақын жүрегін жұбатар дәру тұрмысында және мол. Гүлжамал жеңгеймен екеуінің шаңырағынан өрбіген алты перзенттің үшеуі ғылым кандидаты болып, өз алдына бәрі де үйлі-баранды шаңырақтарға айналған – Қасым, Сақып, Ғазиз, Дүйсен, Бейбіт, Бақыт әке атына кір келтірмеді. Ағылшынша, орысша, қазақша, сөйлеседі, қазақ қаламгерлері мен бірге дүние ақындарын жатқа соғады. Мейрам немере музыкаға үйірлігімен қатар өлең жаза бастаған… Өмір өз заңымен жүріп жатыр.
…Мүсінші Хәкімжан Нау-рызбаев туралы:
Ұйықтамай түндер ол шыққан,
Кеудесін кернеп бір арман.
Құдайдай құйып балшықтан,
Адамды жасап шығарған, – дей келе:
… Өнерін биік көтеріп,
Өзі тұр соның астында! – деп ғажап тосын аяқтайтын, сырлы өлеңі бар еді Сыр-ағаның. Маңдай тері, алғыр миы, тарлан таланты биікке көтерген абройлы Сырбай-аға Мәуленов та солай тұр алдымызда. Қазақ әдебиетін қорғап Темірқазықтай жарқырап жөн сілтеп тұр. Ғасырлар ауысса да – мойымай тұр, асқақ тұр – нық тұр!
Мылтықбай Ерімбетов.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.