Қала орталығын дүрліктірген кім? (БЕЙНЕБАЯН)
Бүгін сағат 14:15 шамасында Қостанайдағы халыққа қызмет көрсету орталығын полиция, төтенше мамандарының қоршап тұрған сәтіне куә болдық. Тәртіп сақшылары орталыққа жақындаған адамдарды маңайға жолатпады, ғимараттың алдындағы тұраққа да көліктерді кіргізген жоқ. Қоршалған аумақтың сырты толған адам. Таран көшесінің бойында ұзыннан ұзақ көлік кептелісі пайда болған. Себебі, Тараннан Баймағамбетов көшесі мен Әл-Фараби арасы онсыз да жол жөндеу жұмыстарына байланысты жабық тұр да, көліктің барлығы халыққа қызмет көрсету орталығының алдымен өтіп жатыр.
Полиция қызметкерлерінен жағдайды сұрап едік, «оқу-жаттығу жүріп жатыр» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Сағат 14:25 кезінде ит ерткен арнайы жасақ мамандары шықты да, аз-кем кеңескеннен кейін ХҚКО жұмысын қайта жалғастырды.
Аталған оқиғаға байланысты облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі Елена Кашаринадан төмендегідей жауап алдық:
– 25 сәуір күні сағат 13:58-де полицияға халыққа қызмет көрсету орталығының күзетшісінен қоңырау түскен. Күзетші кіре беріс залда қара сөмкенің жатқанын хабарлайды. Дереу оқиғаға орнына облыстық ІІД жедел-тергеу тобы жетіп, ғимараттағы адамдарды сыртқа шығарды. Күдік келтірген зат ішіне ноутбук салынған сөмке болып шықты. Оны сол орталыққа шаруаларымен келген 1987 жылғы әйел кісі ұмыт қалдырып кетіпті. Полиция сөмкенің иесін тауып, оған затын қайтарып берді. Өз кезегінде ол тәртіп сақшыларына алғысын жеткізді.
Е.Кашарина сондай-ақ, елді дүрліктірген сөмкенің иесі жауапқа тартылмайтынын айтты. «Ол әйел затын қасақана қалдырған жоқ, ұмытып кетті» деді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.