МАҢЫЗЫ МАҢҒАЗ МЕМОРАНДУМ “Бәйтерек” ҰБХ-мен жасалды
Кеше «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі АҚ Басқармасының өкілдері Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында Басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев облыс әкімдігімен және жергілікті компаниялармен өзара қызметтестік туралы меморандумға қол қойды. Құжат бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландырудың аймақтық бағдарламасын жүзеге асыру, тұрғын үй құрылысы мен инвестициялық жобаларды алға бастыру көзделіп отыр.
Әуелі, салтанатты сәтке дейін облыс әкімінің орынбасарлары аталған салаларға қатысты баяндама жасап, меймандарды өңірдегі ахуалдан хабардар етті. Алғашқы болып сөз алған Роза Кемалова халықты тұрғын үймен қамту жұмыстарына тоқталды.
Айтуынша, соңғы екі жыл ішінде жалпы аумағы 12 мың шаршы метр болатын тұрғын үй тұтынысқа беріліп, 12 млрд. теңге игерілген. Дей тұрғанмен, қалалық әкімдікте пәтер кезегінде тұрғандар саны 23 мыңға жетіп-жығылады. Бұл дегеніміз – берекетті әрекеттер әлі де көп жасалу керек деген сөз. Тізімді қысқарту үшін аз жұмыс атқарылғалы отырған жоқ.
– Осы кезге дейін кезектегілер үшін аумағы 10 мың шаршы метр болатын 140 пәтер кілті әзірленген болса, жуық арада 9-шағын ауданда 60 пәтерлі тағы бір тұрғын үй құрылысы аяқталмақшы. Облыс орталығындағы «Юбилейный» ауданында жалпы көлемі 240 мың шаршы метрді құрайтын құрылыстар биыл басталмақ. «БК-строй» ЖШС «Арман» шағын ауданында 83 млн. теңгенің жұмыстары қолға алынса, Қонайда 450 мың шаршы метр ауқымдағы көпқабатты үйдің іргесін қалау жоспардың басында. Бұлардың барлығын іске асыруға сіздермен жасаспақ әріптестік серпінді болады деп сенеміз,-деді Р.Кемалова. Ол өз кезегінде «Бәйтерек» ҰБХ АҚ Басқармасына ұсынысын да айтып қалды. Яғни облыстағы үйлердің құны тұрғындар табысына шаққанда қымбатқа тиетініне байланысты арендалық тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көлемін ұлғайтуды сұрады.
Мінберге келесі болып көтерілген облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк өңірдегі инвестициялық жобалардың кешегісі мен бүгінгісі туралы ақпар берді. Өндіріс саласындағы оқ бойы озық компаниялармен таныстырды. Сондай-ақ, таяу келешекке еншіленіп отырған маңызы зор жобаларды да қаперден тыс қалдырмады.
-Маңдайалды мақсат – аймаққа инвестиция тарту, – деді орынбасар. – Мәселен, жоспарға алынған жобалардың ең ірісі – индустриалдық аймақ құру. Осы жобаны жүйелі жүзеге асыру жолында стратегиялық инвестиция тарту көздерін табу жұмыстары қолға алынуда. Нысанада Франция, Италия, Қытай сынды алпауыттардың бар екенін де айта кеткен жөн. Ал, аталмыш индустриалдық аймаққа өз өндіріс алаңын көшірушілер тарапынан алты өтініш қабылданды.
С.Карплюк «Бәйтерекпен» арадағы ымырашылықтың тағы бір ықпалы өңірдегі ісі тұралап тұрған ірі өндіріс орындарын оңалдыру үшін қажет болатынын атап өтті. Сондай-ақ, елге аты мәлім «Аква-Арасан» компаниясының адымын алшаң бастыру үшін 2 млрд. теңгедей қаржы керексініп тұрғанын бұйымтай етті.
Ұсыныс та, бұйымтай да елеусіз, ескерусіз қалмайды. Ұлттық идеяның көксемесі сол болғаннан кейін тұтас елдің қуатты экономикасы үшін әр деңгейдегі бизнестің ахуалына жауапкершілікпен қарау басты шарт. Мұны «Бәйтерек» ҰБХ Басқармасының төрағасы Қуандық Бишімбаев қаузалған мәселелерге рет-ретімен тоқтала келе тілге тиек қылды.
Холдинг қосымша несиелік желі ашу арқылы «СарыАрқаАвтоПром» ЖШС-не қолдау білдіре алған. Мәселен, «Peguet», «Jak» автокөліктерін экспортқа шығауды қолға алған бұл серіктестік өткен жылы бес мың дана машина құрастырса, биыл өнімділікті 8-12 мың данаға көбейтпекке бекінуде. «Бәйтерек» ҰБХ-нің қолдауын «ЕвразКаспианСталь», «Баян Сұлу» сынды ірі өндіріс орындары да көрген-ді… Одан әрі Қ.Бишімбаев тұрғын үй құрылысы турасындағы да біршама мәселелердің басын шалды.
-Басты айтарымыз – Қостанай облысымен тұрғын үй құрылысы туралы келіссөзге тұңғыш рет келгелі отырмыз. Егер еселі екпін салынса, биылғы жылға белгіленген жоспарлар ойдағыша жүзеге асады деп сенемін,-деді Басқарма төрағасы. – Тағы бір мәселе бар: тәжірибеден белгілідей, көптеген аймақта тұрғын үйлер салынғанмен, кезекте тұрған адамдарға бөлу жөніне келген кезде күрделі мәселелер туындап жатады. Осы тұстан ақсамау жағына да тыңғылықты көңіл бөлінуі керек.
Сонымен бірге ол тек құрылыс пен жобаларды ғана емес, инфрақұрылымдарды да назардан тыс қалдырмау керектігін астын сызып атап өтті.
Ал, қорытынды сөз сөйлеген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов болашақ әріптестердің сөздерін қуаттай өтті:
-Шынымен де, бұл холдингпен бұрын-соңды мұндай ауқымды жұмыстар атқару туралы келісім-шарт жасалмаған. Сондықтан маңызды құжат аясында бекітілетін шаруалардың жоспардағыша жүзеге асуына барлығымыз мейлінше күш жұмылдыруымыз қажет,-деп қадап айтты өңір басшысы. –Әсіресе, жалдамалы тұрғын үйді көптеп салуымыз керек. Ал, құрылысқа қажет цементті өзге өңірден тасудың керегі жоқ. Оған таяуда көз жеткізіп қайттық. Өзіміздегі цемент өндіретін зауыт, шамамен, бір айдан соң іске қосылады…
Шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландырудың аймақтық бағдарламасын жүзеге асыру үшін облыстық әкімшілік 500 млн. теңге, «Бәйтерек» ҰБХ 500 млн. теңге бөлетін болды. Несие түрінде берілмек қаражат екінші деңгейлі банктер арқылы шешіліп, қатысушыларға салалық шектеу қойылмайды. Бизнесі барларға 80 млн. теңгеге дейін, ал ісін жаңа бастаушыларға 20 млн. теңгеге дейін беріледі. Басты айтары, бұл мүмкіндіктердің дені облыстың оңтүстік аудандарына (Жанкелдин, Аманкелді) бағытталмақ. Ал, екінші құжатқа «Тұрғынүйқұрылыс жинақбанкіне» қаражат құю мақсаты үшін қол қойылатын болып шешілді.
Осылайша, әуелі облыс әкімі «Даму» қорымен, одан кейін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкімен» келісім-шарт жасасты. Сондай-ақ, «Бәйтерек» ҰБХ мен «БК-Строй», «Ирина и К», «М-строймонтаж» ЖШС-тері өзара әріптестік жөніндегі маңызды құжатқа қол қойысты.
Жандос Жүсіпбек.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков.