Қаза тапқан полицейлердің аналары мен жұбайларына құрмет көрсетілді
Қостанай облысының Полиция департаментінде Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Атап айтқанда, қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің аналары мен жұбайларына сый-құрмет көрсетілді. Таңертең ғимараттың кіре берісінде нәзік жандыларды қызғалдақ гүлімен қарсы алды. Салтанатты іс-шара акт залында жалғасты. Мереке иелеріне естелік сыйлықтар мен алғыс хаттарды Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Омарбеков табыс етті.
Олардың қатарында Замзагүл Қалиева мен Мөлдір Базарбаева бар. Олар – полиция қызметкері Дархан Базарбаевтың анасы мен жұбайы, Сонымен қатар, Б.Майлин атындағы ауданның қылмыстық полиция бөлімшесінің бастығы, 2009 жылы қаза тапқан Медет Досымхановтың жұбайы Инна Досымханова да іс-шараға қатысты.
Олардың қатарында Замзагүл Қалиева мен Мөлдір Базарбаева бар. Олар – полиция қызметкері Дархан Базарбаевтың анасы мен жұбайы, Сонымен қатар, Б.Майлин атындағы ауданның қылмыстық полиция бөлімшесінің бастығы, 2009 жылы қаза тапқан Медет Досымхановтың жұбайы Инна Досымханова да іс-шараға қатысты.
– Өзімнің атымнан және департаменттің барлық ұжымының атынан сіздерді көктемнің осы тамаша мерекесімен құттықтаймын. Халықаралық әйелдер күні – аналар мен жұбайларға, қыздары мен апа-қарындастарына, әжелері мен әпкелеріне, әріптестер мен достарына деген ризашылық сезімдерін білдірудің кезекті бір тамаша себебі. Бұл сұлулық пен жаңарудың қайталанбас мерекесі, – деп атап өтті Ерлан Омарбеков.
Ішкі істер органдарының ардагерлері де назардан тыс қалмады. Оларға алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, құқықтық тәртіп мәселелеріндегі ынтымақтастығы үшін "Қазақстан полициясына 30 жыл" медальдарымен әйелдер күштері Альянсының төрағасы Римма Бектұрғанова, Қостанай облысының балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Арайлым Аманқұлова және жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Ботагөз Өтқұлбаева марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар қызметкерлер Қостанай облысы әкімінің және Қостанай облысы ПД бастығының алғыс хаттарымен марапатталды. Іс-шара соңы мерекелік концертпен жалғасты. Онда полиция қызметкерлері де, арнайы шақырылған ұжымдар да өнер көрсетті.