Бюджет қаражаты – әлеуметтік салаға

Бүгін облыс әкімінің және мәслихат депутаттарының ұсынысымен облыстық мәслихаттың 6-шы шақырылымының кезектен тыс сессиясы өтті. Онда облыстық мәслихаттың 8 желтоқсандағы №213-ші “Қостанай облысының 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне”  өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Е.Спанов қатысты.бюджет
Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Бақытбек Есенғұловтың айтуынша, жергілікті атқарушы органның бастамасымен тоқсанына бір-ақ рет жергілікті бюджетті нақтылауға жол беріледі. Сондықтан, облыстық бюджетті нақтылаудың негізгі себебі, ішкі шығындардың қаражаттарын қайта бөлу болып табылады. Әр салаға бөлінген 1 453,7 млн теңге бюджет қаражатын тарқатып айтар болсақ, ең негізгі басымдық білім, денсаулық, спорт, құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы сияқты әлеуметтік салаларға бағытталып отыр. Мәселен, 534,6 млн теңге сәулет және қала құрылысы басқармасына, оның ішінде Затобол кентінің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында саябақ аумағы мен тұрғындардың бос уақыттарын өткізуге арналған демалыс орнын салуға 241 млн теңге, Қостанай қалалық ішкі істер басқармасы үшін уақытша ұстау изоляторының құрылысына 100 млн теңге, Федоров ауданындағы Копыченка ауылындағы өсімдік майын өндіретін зауытты газбен жабдықтауға 53 млн теңге бөлінбек.
-Лисаков қаласындағы 60 пәтерлі көпқабатты үйді салуға республика бюджетінен қаражат бөлінген болатын, енді инженерлік инфрақұрылымды жабдықтау жұмыстары қалды, оған 9 млн теңге бөлінбек. Рудный қаласының 39-шы кварталына кәріздік желілерін тарту бойынша құрылыс жұмыстарын бастауға 7 млн. теңге жұмсалады, себебі ағымдағы жылы осы кварталды сумен, жылумен жабдықтауға және электрмен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен қаражат бөлінген болатын, ендігі жұмыс  осы кәріз жүйелерін тарту болып отыр. Қостанай ауданындағы “Бәйтерек”, “Астана” және “Нұрәлем” жаңа шағын аудандарына сыртқы кәріз жүйелерін тартуға және орталықтандырылған сумен жабдықтау жобаларын әзірлеуге 40 млн теңге, сондай-ақ Астана, Бәйтерек шағын аудандарында алты жаңа тұрғын үйдің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге 26 млн теңге бөлінбек. Қостанай ауданының Затобол кентіндегі 4 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына да 213 млн теңге қарастырылды, – дейді Б.Есенғұлов.
Сондай-ақ, 271,6 млн теңге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына бөлінбек. Соның ішінде, Еуропалық қайта құру және даму банкімен несиелік келісім бойынша салынып жатқан үш нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтауға 204 млн теңге, Арқалық жылу-энергетикалық орталығына 11,7 млн теңге, Әулиекөл ауданының Новонежин ауылына, Қостанай ауданына қарасты Владимиров, Надеждин, Садчиков, Московский және Федоров ауданындағы Баннов, Чехов елді-мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжат дайындауға 33 млн теңге қарастырлып отыр.
Мұның сыртында денсаулық, білім, спорт, жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары да бюджет қаражатынан қалыс қалдырылған жоқ.
 
Қарлығаш ОСПАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓