Ардагермен кездесу
Облыс орталығындағы Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп- интернатының 8 «Б» сынып оқушылары Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағын фашизмнен азат етуші, қазіргі заманның білікті сөз шебері, қаламгер, ұлағатты ұстаз, белгілі айтыскер Қасымхан аға Алдабергеновпен кездесуге барған болатын. Кездесу барысында біз ардагер мен оның жұбайына ән айтып, би биледік, домбыраның құлағында ойнап, ардагеріміздің көңілін көтердік. Содан соң Қасымхан Алдабергенов ағамыз өзінің бастан кешкен оқиғаларын айтып, соғыс майданында өткізген қиын күндері туралы әңгімелеп берді. Қасымхан Алдабергенов майданға 1943 жылы 18 жасқа жеткенде аттанып, 1944 жылы фронтқа жіберілген екен. Бүкіл Еуропаны фашисттерден азат етіп, Венгрия елінің орталығы Будапешт түбіне жеткенде, қаланы немістердің 11 танк дивизиясы қоршап тұрыпты. Ардагердің Венгрияға аттанғандағы естелігінде “Неміс әскерлері өздерінің танк, пулеметтерін бізге қарай қара бұлттай қаптатқанда, жау қаруымен бетпе-бет көрістік. Соғыс кезінде біз небір қиындықтардан өттік, ұшақтан қарғып, 20 шақырым жер жүгіріп, бірнеше күн бойы аш құрсақ жүрдік” деп, бір күрсініп қойды. Сөйтіп, ардагер Қасымхан Алдабергенов пен оның майдандастары Венгрияны ерлікпен азат етіп, таулы, тасты Альпі тауының жанында орналасқан Австрия жеріне де жетті. 1945 жылы 16 сәуірде Вена қаласына келеді.
“…Вена қаласынан өтіп, Чехославакия жеріне кірдік, соғысты сол жерде аяқтадық. 1945 жылы 9 мамырда бізге соғыс аяқталғаны туралы хабар келді, бірақ соған қарамастан, біз мамырдың 12- дейін соғыстық. 9- мамырдан кейін соғыс жалғасып жатқандықтан, жараланғандар саны азайған жоқ. Содан кейін қайтадан Будапештке оралып, онда бірнеше ай тұрдық.. Біз әуе десант әскері болғандықтан, ешқайсымызды елімізге жібермеді. 1945 жылдың күзінде, дәлірек айтқанда 1946 жылдың басында, бізді Отанымызға жібере бастады. 1946 жылы майдандас достарымызбен елімізге оралдық. Владимир, Иванов, Васильев қалаларында әуе десанты әскерінде қызмет етіп, 1950 жылдың сәуір айында әскерден босатылдық. Өмірімнің ең қызықты кезеңін Отанға деген парызымды өтеумен өткіздім. Ол кезең 18 жасынан 25 жасыма дейін созылған болатын. Соғыстан кейін Қостанай қаласындағы педагогикалық институтында сырттай орысша білім алып, оқуымды жалғастыру үшін, Орал қаласындығы институттың математика факультетіне түстім. 15 жыл бойы математика пәні мұғалімі болып жұмыс істедім. Сонда да математика саласынан тыс, халық ауыз әдебиетінің бір түрі- айтыс саласына араласып жүрдім. Жас кезімнен-ақ өлең жазадым. Кейіннен суырып салма ақындық қасиетім де пайда болды. Өзімнің өлең-жырларымды жинақтап, бірнеше кітаптар жазып шықтым. Атап айтсам, жемісті кітаптарымның бірі- ”Думанды дәурен”,- деп сөзін аяқтады ардагер атамыз.
Еліміздің Қасымхан ағадай ұл-қыздары Отанын неміс-фашистерден қорғап және де үшін жандарын пида етті. Өзге ұлттардың арасында қазақтар ерекше батырлығымен ерекшеленгенін де айта кеткіміз келеді. Бұл сұрапыл соғыста деректерге сүйенсек, Қазақстан 602 939 адамынан айрылып, әрбір екінші қазақстандық майдан даласынан қайтып оралмады. 98 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Осындай жанқиярлық ерлікпен Отанымызды қорғаған ата-бабаларымызды еш уақытта ұмытпай, қастерлеп жүруіміз керек. Отанға деген сүйіспеншілік- еліміздің келешегіне, оның кемел ұрпағына біздің аманат етер ең қасиетті өсиетіміз деп білейік.
Бақытгүл БАЙДАУЛЕТОВА,
Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-интернатының 8 топ тәрбиешісі