Апа-інілі жас мамандар
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Дипломмен-ауылға» мемлекеттік бағдарламасының жемісін барша қазақстандық жастар көруде. Солардың бірі – краснодондық апа-інілі Мөлдір мен Әнуар.
Бұл екі жас маман еңбек жолдарын алтын ұялары – Краснодон орта мектебінен бастады. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының түлектері – Мөлдір Құдабаеваның жұмыс жасап жатқанына биыл – 3 жыл болса, ал Әнуар Құдабаев ағымдағы оқу жылынан бастап жұмысқа кірісті. Қазіргі таңда ол екеуі жас та болса, аталмыш мектептің білім сапасын арттыруға өз үлестерін қосуда. Яғни, өскелең ұрпаққа Мөлдір тарих пәнінен сабақ берсе, ал Әнуар ағылшын тілін үйретуде. Бар білгендерін балалардың бойына сіңіріп, саналы да тәрбиелі ұрпақ қалыптастырмақ.
Мінеки, бір шаңырақтан, бір мектептен, бір оқу ордасын түлеп ұшқан қос жас маман осылайша, бір білім ордасында бас қосты. Егіздердей бірінен бірі бір елі ажырамай, апасының жолын інісі жалғап, болашақта көпке үлгі болмақ. Сөйтіп, олар бесіктен көріп өскен тәрбиені, баршаға бірліктің үлгісі ретінде паш етіп, тату-тәтті Құдабаевтар отбасынан шыққандықтарын шынайы түрде мойындатпақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, оқушыларды білім нәрімен сусындатып жүрген қос жас маман тек мектептің мерейін тасытып қана қоймай, Құдабаевтар отбасын да биіктен көрсетіп, қуанышқа кенелтпек.
Олай болса, мінеки, дәл осындай тәлімі мен білімі мол Мөлдір мен Әнуардай сынды жас мамандардан болашақта талай жастар үлгі алады деген ойдамыз.
Руслан Әлкеев
Сарыкөл ауданы