«Тобыл» – «Жетісу» кездесуі тең аяқталды (БЕЙНБАЯН)
«Тобыл» «Затоболец» алаңында «Жетісуді» қабылдап, тең ойнады. Төреші ысқырығы естілісімен, алғашқы минутта жартылай қорғаушы Рауль Джалилов есеп ашты. Тимур Досмағамбетов айып алаңына таяу тұстан қақпаға допты көтерді. Жылдамдық танытқан Рауль Джалилов допқа бұрын жетіп, Андрей Шабанов қорғаған қақпаға дөп түсірді. Ширақ қимылымен көзге түсіп отырған Джалилов талдықорғандық футболшыларды әбден әбігерге түсіріп бақты. Сегізінші минутта оған қарсы ойын ережесін бұзған Душан Савич сары қағаз алды. Содан соң да қостанайлықтар шабуылдарын үдете түсті.
Тимур Досмағамбетов пен Нұрбол Жұмасқалиев те алыстан соққы бағыттап, қақпашының шеберлігін бір тексеріп көрді. Ойынның он төртінші минутында қақпашымен бірге бір шыққан Раульдің қанжығасы екінші рет майланды.
Қонақтардың алма-кезек шабуылдарымен басталған екінші таймда «Жетісу» үздігі Душан Савич гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Аяғын сылтып басып жүрген Рауль Джалиловты Алассан Н'Диайе алмастырды. «Тобыл» есепті еселейді деп жүргенде өз қақпаларына гол жіберіп алды. Доп соққан – Бауыржан Тұрысбек. Ол бұрыштама добынан келген пасты мүлт жібермеді. Осылайша, «Тобол» тағы да ұпай жоғалтуға мәжбүр болды.
Матч аяғына таман Нұрболдың айып добынан көтерген добын қақпаға бағыттаған Ндиайе қиыс ұрды.
«Тобыл» келесі ойында 27 сәуір күні Қазақстан Кубогінің 1/8 финалында «Қызыл-Жар СК» клубымен кездеседі.