34 жалған кәсіпорын әшкере болған
Осыншама көлеңкелі бизнес ашқан 2 адамға қатысты ҚР ҚК-нің 215 бабы бойынша айып тағылып, 2 іс сотқа жолданған. Қазіргі таңда бұл азаматтардың мемлекетке 129,2 млн. теңге залал келтіргені дәлелденіп жатыр. Және қабылданған шаралар негізінде олардан 80,1 млн. теңге шығын өндіріліп алыныпты.Көлеңкелі бизнестің осы және басқа да қитұрқылықтары жайында облыстық прокуратурада өткен баспасөз жиынында құзырлы органның 2-ші басқарма прокуроры Заман Зұлпыхаров баяндады. Айтуынша, үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында өңірімізде жалған кәсіпкерлікпен айналысу дерегі бойынша 8 қылмыс тіркелген:
– Жалпы есептік кезеңде қылмыстық құқық бұзудың салдарынан 1,6 млрд. теңге залал келтірілген. Шығынның 1,5 млрд. теңгесі өндіріліп алынды. Соның ішінде мемлекетке келтірілген шығын 128,6 млн. теңгені құраса, өндіріліп алынғаны – 82,9 млн. теңге. Күдікті тұлғалардың мүлкіне дер кезінде құрсау салу да шығындарды өндіруге ықпалын тигізуде. Үстіміздегі жылдың өзінде 200 млн. теңгеден астам мүлікке тыйым салынды, соның ішінде жалған кәсіпкерлер мен олардың контрагенттерінің банктік шоттарындағы 31,8 млн. теңге құрсауланды. Бір ғана мысал, Балин және тағы басқаларға қатысты 37 жалған кәсіпорынды құру фактісі бойынша қылмыстық іс аяқталып, қазіргі кезде сотта қаралып жатыр.
Прокурорлар қазіргі уақытта жалған кәсіпкерлікпен күрестің де, оны жазалау тәжірибесінің де күшейгенін айтады. Оған мысал, өткен 29 ақпанда Қостанай қалалық №2 сотының үкімімен М.Есентеміров ҚР ҚК 215 бабы 3 тармағы бойынша (жауапты мемлекттік лауазымды атқарушы тұлғамен жасалған жалған кәсіпкерлік) кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Есентеміров «Арыстан Қостанай 2014» ЖШС арқылы жалған кәсіпкерлікпен айналысып, 181 млн. теңгенің залалын келтірді деп айыпталыпты.
Ал 15 наурызда Қостанай қалалық №2 сотының үкімімен И.Сагумбаев жоғарыдағы бап бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жылға сотталған. Ол «Виват экспресс» ЖШС арқылы жалған кәсіпкерлікпен айналысып, соның салдарынан 246 млн. теңгеге шығын келтірді деп айыпталыпты. Қос үкім де заңды күшіне енген жоқ.
Қазіргі уақытта прокуратура және мемлекеттік кіріс органдарының бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесінде жоғарыда аталған қылмыстық істер бойынша банктік шоттардағы 210,0 млн. теңге қаражатқа иелік етуге тоқтау салынған.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ