Сот ісі былтырғыдан аз
Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісінде болған 32 қылмыстық істің 20-сы аяқталып, барлығы 26 тұлғаға қатысты үкім жарияланған. Бұл жөнінде аталған соттың төрағасы Ерлік Сералин тілшілермен өткен баспасөз жиынында баяндады:
– Жалпы сотталушылардың 8-і – әйел адамдар. Олардың алтауы есірткі саудасымен заңсыз айналысқандар. Ал сыбайлас жемқорлық бойынша бір іс – қаланың бұрынғы әкімі А.Ахметжанов және оның орынбасарлары мен кәсіпкерлерге қатысты аяқталды. Жалпы биыл айыппұл түріндегі жаза қолданылған жоқ.
Ерлік Сералин былтырғы жылдың алғашқы үш айында 24 қылмыстық іске қатысты 39 адамға сот үкімі шығырылғанын, ал биыл аяқталған істің де, сотталушылар санының да аз екенін жеткізді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ