Мансап күні өтті
Рудный индустриялық институтында дәстүрлі «Мансап күні» шарасы өтті. Оған Қазақстан мен Ресейдің тау-кен, металлургия, энергетика және қаржы саласындағы жетекші компаниялары қатысып, түлектерге бос жұмыс орындарын ұсынды.
Айта кетерлігі, өткен жылы түлектердің 94 пайызы «екі қолға бір күрек» тапқан. Бұл – республика бойынша үздік көрсеткіштердің бірі.
-Биыл жоғары оқу орнын 321 жас маман бітіргелі отыр. Олардың басым бөлігі «ССКӨБ» АҚ, «КЕГОК» АҚ, «Қостанай минералдары» АҚ, «ЮжУралзолото» АҚ, «SANCтройСервис» ЖШС мен жергілікті банктерге жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр, – дейді жоғары оқу орнының ректоры, профессор Әбдірахман Найзабеков.
Мамандықтар жәрмеңкесінің басты мақсаты – жұмыс берушілер мен оқу орындары арасындағы байланысты нығайтып, сұраныс пен ұсыныстың ара-қатынасын анықтау. Түлектердің өз кәсібі бойынша тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау.
Шара барысында институттың бірқатар серіктестеріне «сенім грамоталары» табысталды. Ал, түлектер, өз кезегінде, компания өкілдеріне көкейде жүрген сұрақтарын қойып, түйіндемелерін қалдырып жатты.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ