Су басқан елдімекен – биліктің назарында

IMG_2854Соңғы екі тәулік бойы Қостанай ауданына қарасты Суриков ауылын су басып тұр. 160-қа тарта тұрғыны бар елдімекен сыртындағы көлдің мол жауған қары еріп, қызыл су үйлердің белуарына дейін жеткен. Қазір тұрғындар мен үй жануарлары жергілікті бастауыш мектепке эвакуацияланып жатыр. Бүгін аталған оқиғаны баяндауға аудан әкімі Тәуба Исабаев пен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Талғат Кәкімов аймақтық баспасөз орталығында тілшілермен сұхбат өткізді. Тәуба Исабаевтың айтуынша, биыл ауданға әдеттегі нормадан 4 есе қалың қар түскен:
– Сәуірдің 12 күні сағат 4 кезінде ауылдан су басқаны туралы хабар жетті. Қазір 20 үй мен 5 ауланы су басып тұр. Ондағы 55 адамның барлығы қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың жартысы туыстарында, ал қалғаны ауыл мектебіне орналастырылған. Барлығы ас-су, көрпе-жастықпен қамтылды. Ең бастысы, адам шығыны болған жоқ. Үй жануарлары да басқа жаққа шығарылды. Елдімекенде жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Осы оқиғаға байланысты облыста аймақ әкімінің бірінші орынбасары бастаған және төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жедел штабтар құрылды. Су деңгейі қалыпқа келтірілді. Кеше көлдің ернеуіне 2 шақырым дамбы салып бітірдік. Қазір көлген сырттан құйылатын су тоқтады. Ал өңір басшысы су деңгейі қалыпқа келгенше, әр сағат сайын мониторинг жасап отырды. Ендігі кезекте баспаналар мен аула-көшелерде су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған жоғары қуатты құрылғылар мен төтенше жағдайлар департаментінің станциялары жұмылдырылуда.
Аудан әкімінің айтуынша, соңғы 75 жылда Суриков елдімекенінде мұндай дүрбелең болмаған екен. Және дәл биыл ауылды су басады деп ешкім ойламапты. Жалпы Суриков көлі теңіз деңгейінен 174 метр биіктікте орналасқан. Жағалауының 6 шақырымы қар көп кезде 181 метрге дейін көтеріледі.
Сондай-ақ, аудан басшылығы су деңгейі қайтқан соң өңірде арнайы комиссия құрылып, шығындарды есептеуге кірісетінін айтты. Баспаналар мен оның жиһаздары, тұрмыстық техника, басқа да заттар тиісінше өтеледі деп, тұрғындарды алаңдамауға  шақырды. Ол үшін аудандық бюджетте қосымша қаражат қарастырылған екен.
 
Қыдырбек Қиысханұлы,
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓