Қоқыстан қашан арыламыз?
Көктем келе жер жіпсіп, дала құлпырып, жаңаша леп береді. Ауылдық аймақтар, далалық аймақтар тазартылып, қаланың ішіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейде әкімшіліктің назарынан тыс қалып жатқан жайттар да болып жатады.
Герцен көшесінде орналасқан, жанадан бой көтерген балабақшаның маныңда қоқыстан жер көрінбейді. Айналасы батпақ, ойлы-қырлы жер жүргіншілерге ыңғайсыздық тудырғанымен қоса, қоқыс салатын контейнерлердің жоқтығы тіптен жағдайды қиындатып жіберген.
Суретте көріп отырғандай, пластик бөтелкелерге бөлек орын берген де, қалған қоқыс түрлеріне қайда жатсаң, онда жат дегендей бей-жай қараған. Балабақша маңы осындай қоқысқа толы болса, сол жердегі балдырғандарымыздың жағдайы не болмақ?! «3-4 темір бөшкені қоюға қаражаттары жетпей ме?!» деп тұрғындар налиды. Қостанай – Қазақстанның ең таза қалаларының бірі. Ал бұндай көріністі көре тұра үндемеуге болмайды.
Жер енді құрғап, көшенің сәнін бұзар әртүрлі қоқыстар, пластмасса бөтелкелер шығуда. Әрине, осыған орай сенбіліктер ұйымдастырылады деген сенімдемін. Қаламызды көркейтуге, оның тазалығын сақтауға бірге атсалысайық, ағайын!
Сара Жақсылық