Көгілдір отынға қарық болған – Красный Кордон немесе өркениетке қадам басқан ауыл

Алтынсарин ауданының әкімі Батырбек Ахметов
Міне, соған қарамай еліміз Жаңа экономикалық саясатты жетілдіре отырып, үлкен бір межеден өтіп, әлеуметтік инфрақұрылымға тың серпін беріп келеді. Оның бір куәсі – Алтынсарин ауданының Красный Кордон ауылына көгілдір отынның жетуі. Бұған дейін әбден пұшайман күй кешкен ауыл халқы газ келгеніне мәре-сәре қуанып, тұсаукесер рәсіміне тайлы-тұяғы қалмай жиналып, қуаныштарын бізбен бөлісті.
Бұл село табиғаты әсем, сулы да нулы Шоққарағай жерінің маңында орналасқан. Тіпті, әріректе "Шоққарағай" станциясы менмұндалайды. Іргеде поездың даусы құлаққа жетіп жатса, тоғыз жолдың торабы емей немене?! Осындай жері керемет һәм сұлу, шұрайлы, түгін тартсаң майы шығатын, темір жолдың күретамыры тиіп тұрған ауылға көгілдір отынның келмей қалуы бізді де таң қылды. Сөйтсек…

Газ құбыры іске қосылды
Алты айда тартылған құбыр енді Щербаков селосына биыл жоспарланып жатқан көрінеді. Мұны Батырбек Мықансалықұлы тұсаукесерде айтылған құттықтауында жеткізді.
– Бүгін Красный Кордон ауылы үшін үлкен бір қуаныш. Себебі, өздеріңіз куә болып отырғандай, ауылға көгілдір отын жетті. Биыл сәтін салса, осындай бір көңілді жайт щербаковтықтардың да басына бұйырғалы тұр. Қазынадан бөлінген 200 млн. теңгеден астам қаржыны игеріп, ауыл халқының бақытына ниет жасадық. Бұл әрине, осындай алмағайып заманда, әлемді кезген қаржы дағдарысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаңа стратегиялық саясатының негізінде бұйыр-ған қуаныш. Алдағы уақытта "Ақбұлақ" бағдарламасымен әр үйге су құбырын тартуға да ниеттеніп
қойдық. Оған жұмысты бастап та кеттік, – деді Батырбек Ахметов.

Ауыл әкімі Владимир Урбанович есеп берді
Расында да, Алтынсарин ауданында әр жыл сайын ауылға ауыз су мен газ тартылып халық оның игілігін көруде. Былтыр Малая Чураковка ауылы газ, сумен қамтылса, биыл міне, сондай сый Красный кордондықтарға бұйыруда. Мұндай сәтке ерте ме, кеш пе щербаковтықтар да куә болмақ.
Шат-шадыманға толы сәтте сөз алған бас мердігер "Стройгаз экспертиза" ЖШС-нің директоры Еркін Асадов та жергілікті тұрғындарға мойнына алған істің абыроймен біткеніне қуанып, жүрекжарды тілегін айтты.
– Қыруар қаржы мойныңда тұрса, соның шашауын шығармай игілігімен жұмсағанға не жетсін?! Мынау тұрған 9 шақырым жерден газ тарту бізге де оңайға соқпады. Жері сулы, орманды мекенде дәл осылай жұмыс істеген қиын екен. Кісі бойындай қаза қалсақ, су шығып, ісіміз алға баспай жатты. Оны құрғату қиынның қиыны. Міне, сондай бейнетпен біздің қызметкерлеріміз күні-түні алма-кезекпен еңбекқорлық танытты. Еңбектің жемісін қуанышпен көргенің бақыт екен! – деді Еркін Шаймұратұлы аса бір тебіреніспен.
Бұдан кейін біз алғашқы болып көгілдір отынның қызығын көрген Мусфира Пименованың шаңырағына бас сұқтық.

Бас мердігер Еркін Асадов
Рас, бұған дейін қытымыр қыстың суығына әбден бүрсең қағып, үйінің жылылығын һәм ұңғымасының түтінінің түзу шыққанын қош көретін жанның жан сырын біз осылай ұғындық.
Содан соң іссапарымыздың екінші бір бөлігі ауыл әкімі Владимир Урбановичтің жылдық есебіне қатысуға асығыспен мәдениет үйіне зулай жөнелдік.
Мұнда да дүйім ел, нөпір халық жиналып қапты. Владимир Станиславович ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жіпке тізгендей баяндап жатыр. Сөз арасында бүгінгі қуанышты сәтті де әлсін-әлсін еске сап қояды.
Жұмыссыздықтың азаюы, жағдайы төмен отбасыларға көрсетілген көмек, ауыл шаруашылығы өнімінің артуы, шағын және орта бизнестің дамуы тағысын тағылар баяндалуда. Оның мәліметіне қарасақ, 900-ге жуық адам тұратын ауылда жеті әлеуметтік нысан: әкімшілік, мектеп, мәдениет үйі, амбулатория, балабақша, "Шоққарағай" теміржол станциясы, пошта бөлімшесі жұмыс істесе, алты бизнес ошағы: Арақарағай мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесі, "Сосновый бор", "Жайлау", "Селена" шипажайлары мен "Чайка" демалу лагері халықты жұмыспен қамтамасыз етуде екен.

Ауыл тұрғыны Мусфира Пименова
– Өздеріңіз білесіздер, – деді халыққа есебінде Владимир Станиславович. – Қазіргі әлем-дік қаржы дағдарысында біз-дер бұл қиындықты жаппай жоюды қолға алдық. Оған Елбасының жыл сайынғы Жолдауындағы жүктеген тапсырмалар негіз болуда. Сондай қиын қыстау уақытта ауылдық мәдениет үйін де ұстап тұрмыз. Қазір 3 адам қызмет етіп, "Краснокордонские росы" шығармашылық тобын қалыптастырды. "Непоседы", "Акварель", "Ладушки" би ұжымдарының өнеріне талай мәрте тәнті болдыңыздар. Олардың кейбірі облыстық сахналарда өнер көрсетіп, ауыл беделін асқақтатып жүр.
Міне, осылай ауыл әкімі өткен жылы атқарылған бірнеше жәйттерге тоқталып, халқына есеп берді. Соңына таман мәжіліске қатысып отырған Батырбек Мықансалықұлы тұрғындардан сауал қоюын өтінді. Олар жаппай бірауыздан жол, ауыз су мәселесінің қаншалықты шешілетіндігін және мәдениет үйінің жөндеу жұмысына әкімнің назар аударуын сұрады.
– Сауалдарыңыз орынды. Бұған бей-жай қарамайтынымды әлгінде болған тұсаукесер рәсімінде де айтқанмын. Мектепке де, мәдениет үйіне де, әкім-шілік ғимаратқа да пештер орнатамыз. Бүгін мәжіліс өтіп жатқан шаңыраққа да әрлеу жұмысын жүргіземіз. Ауыз судың тағдырын өздеріңізге баяндадық. Ал, жол мәселесі – күрделі. Оны мен де, өздеріңіз де жақсы түсінесіздер. Бірақ, қойылған сауалды жерде қалдырмауға тырысып бағамыз. Алдағы кезеңдерде күн тәртібіне қоямыз, – деп сауалдарға оңтайлы жауап берген Батырбек Ахметов мәжілісті қорытындылап, ауыл әкімінің табандылығымен қолға алынған бүгінгі қуанышты сәтке тағы да алғыс айтып, бағасын берді.
Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлердің халыққа биылғы жылы 1 млн. теңгеден астам қаржыға көрсеткен демеушілік істеріне де ризашылығын білдірді.
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ
Суреттерді түсірген автор.