Артық салмақ – қоғам дерті
Бұрындары шетелдік кинолардан бір қолына фаст-фудын, бір қолына кока-коласын ұстап, көшеде жеп-ішіп бара жатқан толық адамдарды жиі көруші едік. Сол елдерге тән ғана құбылыс деп ойлайтынбыз. Бүгінде, өкінішке орай, осындай көріністі еліміздің кез келген аймағынан байқауға болады. Яғни, қоғамды семіздік дерті жайлап бара жатыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әлем халқының 1/5 бөлігі немесе 1,7 млрд адам артық салмақтылар қатарына жатқызылады. Бұл топтардағы адамдардың 250 миллионы созылмалы семіздік ауруы мен оған қосарлана жүретін кең таралған ауруларға шалдыққан. Әлемдегі мезгілінен бұрын болатын әрбір үшінші өлім-жітімнің семіздік пен адамның аз қимылдауынан туындайтын аурулармен байланысты екендігі анықталған. Қазіргі кезде семіздіктің таралу қарқындылығы соншалық, осылай кете берсе бұл сандар 2025 жылға қарай екі еселенбек. Әр 10 жыл сайын артық дене салмағы мен семіздіктің таралуы 10 пайызға өсіп отыр.
Бұл мәселе – біздің елімізде де соңғы уақыттары кең етек ала бастады. Мамандар семіздіктің 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудан және аз қимылдаудан пайда болатындығын айтады. Артық салмақтылар жүрек-қантамырлары ауруларына, жатыр мойны мен аналық, аталық бездердің, сүт безінің, тоқ ішектің, бүйректің, бауырдың және өт қабының қатерлі ісіктері, остеопороз, артрит, тыныс алу ағзаларының ауруларына жиі шалдығады. Сондай-ақ, бұл дертке шалдыққандарды өмір жасы да 7 жылға қысқаратын көрінеді.
БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының баяндамасында Орталық Азия аймағындағы ең семіз адамдар – қазақстандықтар деп көрсетілген. Оған сенсек, Қазақстандағы ересек адамдардың 24,4 пайызы семіз. Ұйым сарапшылары «төрт миллионға жуық қазақстандықтың немесе елдің әрбір төртінші тұрғынының артық салмағы бар» деп есептейді. Бұл, әрине, алаңдатарлық, дабыл қағарлық жағдай.
Орта Азия өңірі бойынша орташа көрсеткіш – 18,4 пайыз. Өзбекстанда артық салмағы бар адамдардың үлесі – 17,3 пайыз, Қырғызстанда – 17,2 пайыз, Түркіменстанда – 14,3 пайыз, Тәжікстанда – 9,9 пайыз. Семіздік дертіне шалдыққандар санының өсу тенденциясы Орталық Азияның барлық елдерінде байқалады.
Рудный қаласындағы медициналық орталықтардың бірінің дәрігер-диетологы Ольга Шаповалова қазақстандықтардың семіздікке шалдығуының үш себебін атайды. Біріншісі – жұрттың белгілі бір азық-түліктің калориясы мен денсаулыққа зиянын білмеуі. Екіншісі – тамақтың сапасы. «Тез дайындалатын тағамдардың көбі көшеде сатады. Ары-бері ағылған көліктерден бөлінген улы заттар тамаққа түсіп, денсаулыққа зиянын тигізеді» дейді дәрігер-диетолог.
Дәрігер семіздіктің үшінші себебі – жұрттың фастфуд тағамдарға әуестенуін атайды.
– Рудныйдың өзінде мұндай мекемелердің саны жыл санап өсіп келеді. Оқушылар мен студенттердің көбі дұрыс тамақтанбайды. Егер адам таңғы асты ішпей, бірден түстенсе, артық салмақ жинайды. Таңғы, түскі, кешкі мезгілде тамақтану режимін сақтамайтындар көп. Сондықтан артық салмағы бар жастар көбейіп келеді, – дейді ол.
Әрбір адам қызметінде, отбасында, жалпы өмірде алдына белгілі бір мақсатты қойып, өзінше жоспарлы өмір сүруге талпынады. Бірақ, артық салмақ қосқан адамдардың бұл тұрғыда алдарынан түрлі пробемалар жолын кесіп отырады.
Рудный қаласының тұрғыны Раушан (аты-жөнін толық атағысы келмеді) Амангелді ауданының тумасы. Үш ұлының кенжесі Рахымжан 1-сыныптан бастап артық салмақ жинай бастаған екен. Бүгінде ол 7-сыныпта оқиды.
-Басында түрлі дәрігерлерге көрініп, кеңестерін алғанмен нәтиже шықпай отыр. Олар баламның тамақтануына шек қоймаңыз. Себебі, ағзаға түрлі витаминдер керек. Одан да ұлыңызды спортпен айналысуға ынталандырыңыз деді. Мен кеңесіне құлақ асып, балама велосипед алып бердім, мектепте немесе көшеде майға піскен тамақтарды жеуге тыйым салдым. Ол өз сыныптастарының алдында ортаға оқшауланып шығуға ыңғайсызданады, сабақ барысында өзінің біліп тұрғанын басқалардан ұялғандықтан ашық айта алмай, тасада қала береді. Баламның сыныбында тағы бір артық салмағы бар оқушы бар. Екеуін достары кейде келеке, мазақ қылатын көрінеді. Сондықтан ұлым жуас, ұяң. Өзін достарымен тең санамайды, – дейді ашынған ана.
Психолог мамандар мұндай жағдайда баланы жан-жақты қолдап, оған моралдік көмек көрсетуде ата-ананың ролі зор екендігін айтады. Себебі бала өз жасқаншақтығын жеңбесе, есейгенде отбасы құруына және мансапта өсуіне кедергі болмақ.
Қорыта айтқанда, техника заманы адамдарды артық іс-қимылдан азат, ал уақыттың аздығы болса, фаст-фудқа тәуелді етті. Дегенмен семіздік дертінен әр адам өз бетінше күресіп, қайсарлық танытса, алынбайтын асу жоқ. Абайсызда артық салмақ жинап алсаңыз, асықпаңыз, саспаңыз. Төменде берілген диетологтардың кеңесіне құлақ асып, дұрыс тамақтануды бастаңыз.
ДИЕТОЛОГ КЕҢЕСІ
Семіздіктен арылудың тиімді жолы – дұрыс түзілген тамақ рационы. Артық тамақтанудың алдын алу үшін организмге қажетті заттектердің уақытылы әрі қажетті мөлшерде түсіп отыруын әрдайым қадағалау қажет. Ет өнімдерін үнемі тұтыну кейбір аурулардың даму қаупін арттырғанымен, сүт өнімдерінен, жұмыртқадан, құс пен балықтан әзірленген тағамдар ақуызға бай болып келеді. Сондай-ақ, жануарлар майларын мейлінше аз тұтыну қажет. Оларды артық тұтыну толығуға және қан тамырларының қабырғасында холестериннің жиналуына алып келеді. Керісінше, қанықпаған өсімдік, балық және жылқы майлары денсаулыққа қолайлы әсер етеді. Бұған қоса көмірсуларға бай азық-түліктер, яғни ұсақталмаған жармалар, көкөністер, жеміс-жидектер – ағзаны энергиямен қамтамасыз етудің ең дұрыс жолы. Ондай тағамдар дәрумендерге, минералдарға, тотығуға қарсы заттектерге бай болуымен қатар ішек жұмысын жақсартып, оны пайдалы микрофлорамен қоректендіреді. Қолдан келгенше, адамдардың қантты, ұннан жасалған тағамдарды, кондитерлік өнімдерді, қуырылған, ысталған, маринадталған, тұздалған өнімдерді, шұжықтарды, балқытылған ірімшіктер мен газдалған сусындарды аз мөлшерде тұтынғандары абзал.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ
Оте озекти маселелердин бири екен. Осы фаст фудтын шынымен зиян екенин оз козинизбен коргиниз келсе, 1 ай бойы хот дог чипсы донер кфси жане т.б. жениз. Арине басында конил куйиниз котеринки болады. Бир еки күннен сон асказанынызда ауырлык пайда болады. Ал бир аптадан сон еш нарсеге заукыныз сокпайды. Ал еки аптадан сон кан кысымыныз жогарылап артык салмак жинайсыз журип туруыныз киындайды. Бул тажирибе жузинде далелденген нарсе. Сондыктан жастар қауымы фаст фудтан бас тартыныздар.
Жап-жас болып семізше болу жаман ғой. Киім жараспайды, денсаулық бұзылады көңіл-күйді де түсіреді. Өйткені денсаулық бұрынғыдай болмайды. Өле-өлгенше әдемі сымбатты болып жүретіндерге қызығамын. Қозғалыс аз. кеңсе, машина, автобус. жаттығу, би, серуен, велосипед, бассейн толып жатыр. Ал көк шай, минералка т.б. пайдалы.