Жұмысты жұмырлау керек

Бүгін облыс әкімдігіндегі апталық ақпараттық мәжілісте облыстық әділет Департаментінің жетекшісі Б.Ерімбетов пен  табиғат ресурстары және табиғи тұтыныстарды реттеу басқармасының басшысы А. Мауқұлов өткен жылдың қорытындысын жасап, биылғы жоспарларымен бөлісті. Әділет Департаменті жетекшісінің алға тартуы бойынша, былтыр облыс қабылданған актілер жөнінен алғы орындардан көрінген. Мемлекеттік бюджетке өндіріп берілген қаржы көлемі 1,8 млрд.теңгені құрады. Халыққа қызмет көрсету арқылы 132 млн. теңге кіріс кірген. Дегенмен өңірде құқықтық актілердің бұзылуы да азаймай келеді. Өткен жылы жалпы саны 163 ереже бұзушылық тіркеліпті. KZminjustlogo-Тауар белгілеріне қатысты 16 құқықбұзушылық жасалды. Алиментшілерден қаражат өндіру де ширамай келе жатқан шаруа. Олардың жалпы қарызы 13 млн. теңгені құрап отыр. Былтыр 705 азамат әкімшілік жазаға тартылса, 98 борышкерге іздеу салынды. Біздің басты мақсатымыз –қасақана төлемеушілерден  максималды түрде қаржы өндіру,-деді өз баяндамасында Б.Ермбетов.
Ал, облыс әкімі А.Мұхамбетов осы жоспарлардың жүйелі жүзеге асуы үшін жүргізілетін рейдтердің пайдасы азырақ екендігін, өзге де оптималды шешімдерге жүгінген жөн екенін айтты. Өзара сұрақ-жауап барысында Департамент басшысы мемлекеттік сот орындаушылар санын азайтып, жеке сот орындаушыларға көбірек салмақ беру қажеттігін алға тартты. Олардан келер пайда көбірек көрінеді. Қазіргі таңның өзінде облыс көлемінде 45 жеке сот орындаушы бар екен. 
-Демек, көзделген мақсатқа жету үшін неғұрлым детальді және сапалы түрде іске кірісулеріңіз керек. Бұл әр салаңызға да қатысты. Халыққа мемлекеттік қызмет, заңи көмек көрсету сапасы да жақсартуды күтеді,-деді өңір басшысы.
Бұдан кейін мінберге шақырылған Мауқұлов мырза сөзін мемлекеттік орман саясатын іске асыру бағытында жасалған жұмыстарды жіпке тізді. Облыс көлемінде 455 мың 500 гектар жер қорғауда. Оның 220 мыңы – жабынды орман қоры. Ұдайы тазалық пен қамқорлықта ұсталып келеді. Қаржылық, кадрлық, техникалық жағынан да олқылық жоқ. Базалар үнемі жаңартылып, жетілдіріліп отырады. 918 мың гектар алқап әуе бақылауында. Таяуда басталмақ «Бүкілқазақстандық тал егу» акциясына да даярлық жақсы. Затобол кентінің шетіне 40 мың дана көшет отырғызылмақшы. Десе де, өткен жылы орманды алқаптарға ірілі-ұсақты залал да тигізілген.
-Жалпы аумағы 4 мың 795 гектар жерді қамтитын 40 өрт оқиғасы тіркелді. Оның сыртында ормандарға заңсыз қол салған 137 азамат тұтылып, 111-не әртүрлі материалдық жаза тағайындалды. Ағаштарға балта сермегендерден орман шаруашылығына қажетті құрал-саймандар өндіріп алынды,-деді Мауқұлов.
Облыс әкімі баяндамашыға бірнеше сұрақ қойды. Позитивті жасалған жыл қорытындысының қағаз жүзінде ғана болып шықпасын деп сынға алды. 
-Ревизиялық тексеріс кезінде заңбұзушылықтар көп әшкере болған. Мәселен, жеке меншік иелеріне тиісті көлемде алқаптар сатылған. Сәйкесінше, рұқсатсыз егін егілген, өрт оқиғаларына жол берілген. Оларға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салу – жаза емес.-деді А.Мұхамбетов.- Ал, былтыр болған 40 өрттің 70 пайызы неге бір ғана Михаилов қорықшасында болады? Жалпы, қолға түскен әр қылмыскерге тиісті жаза тағайындалу керек. Материалдық өтем сұрау оларға сабақ болмайды. 
Мұнан соң өңір басшысы басқарма жетекшісіне хаттамалық жүктемелер беріп, барлық жерлестерді алда келе жатқан көшет отырғызу науқанына жаппай қатысуға шақырды.
 
Жандос Жүсіпбек

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓