Үздік мамандар марапатталды

«ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев кәсіпорынның үздік жас мамандарын марапаттады. Салтанатты шараға бірлестіктің барлық бөлімше-басқармаларының жетекшілері түгелдей жиналды.ZFV_8650
-Өндіріс тірегі – жастар. Ал осы мыңдаған жастардың арасынан үздік атану зор мәртебемен қатар белгілі бір жауапкершілікті жүктейді. Сіздер кез келген істе әріптестеріңізге үлгі болу керексіздер. Тың идеяларыңыз болса, ашық айтып, кен алыбының дамуына өз үлестеріңізді қосуға шақырамын, – деді кездесуде сөз алған Береке Сағатұлы.
Биыл «Кәсіпорынның ең үздік жұмыскері» арнайы дипломы мен төсбелгісін 26 жас маман иеленіп отыр. Солардың арасында Сарыбай кен басқармасының техникалық бөлімінің инженері Ержан Әзімқалиев те бар. Ол – өткен жылы ғана кәсіпорында ұйымдастырылған идеялар жәрмеңкесінің жеңімпазы. Әріптесі екеуі ұсынған Сарыбай кенішінің шығыс бортын реконструкциялау жобасы бүгінде өндіріске сәтті енгізіліп, нәтижесінде кеніштің еңбек өнімділігі мен техникалық-экономикалық көрсеткіштері артқан.ZFV_8831– Еңбегімді бағалап, осындай марапатқа ұсынып жатқандығына қуаныштымын. «Асыл тастан, білім жастан» демекші, жас мамандарды жан-жақты ынталандырып, олардың шығармашылық әлеуетін тиімді пайдалана білген дұрыс, – дейді ол.ZFV_8941
Кездесу соңында бірлестіктің кәсіподақ ұйымының төрайымы Татьяна Шерстобитова мен «Жөндеу механикалық зауытының» директоры Фархат Шакасымов жастарды марапаттарымен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓