Отандық өнім – өркендеу кілті
Еуразиялық Топтың «Өзіндік құнды 10 пайызға төмендету» жобасы аясында «ССКӨБ» АҚ Металл илектеу зауыты блюмстер өндірісін игеруде. Жаңа өнім еліміздегі жалғыз бастапқы алюминий өндіруші кәсіпорын – Қазақстан электролиз зауытына жеткізіле бастады.
Блюмстер дегеніміз – алюминий өндірісінде пайдаланылатын электролизер тоқжолы. Павлодарлық зауыт бұл өнімді бұрын Қытайдан екі есе қымбат бағамен алып келген. Сондықтан да экспорттан тәуелділікті азайту мақсатында бірлестік басшылығы жұмыскерлердің алдына өнімнің осы түрін шығаруды тапсырады.
– Біз бірнеше инженерлік шешімдер қабылдап, шар илектеу станын жаңа өнім шығаруға дайындадық. Жаңа өнімнің биіктігі мен ені 180х65 см, ал ұзындығы – 2 метр. Наурыз айында жаңа өнімнің алғашқы партиясы павлодарлық зауытқа жеткізілді және ол жақта сынақтан сәтті өтті. Енді олар бізден жылына 1800 тонна блюмстер сатып алуға дайын, – дейді «ССКӨБ» АҚ МИЗ бас прокатшысы Қайсар Ақпанов.
«Қазақстан электролиз зауытының» өндірісіне қажетті болат әзірлемелерді өндіру комбинаттың өндірістік қуатын тиімді пайдаланудың арқасында мүмкін болып отыр. Зауыттың өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Антон Раскатов жаңа өнім түрі қосылғаннан кейін, цехтың өнімділігі еселей түскендігін айтады.
– Қазіргі таңда блюмстер біз шығаратын ең қымбат өнім түрі саналады. Жұмыскерлерге қойылатын жауапкершілік те арта түсті. Себебі, павлодарлық алюминийдің сапасы біз шығаратын өнімнің сапасына тікелей байланысты, – дейді ол.
Қайткенмен, қаржы дағдарысы кезінде отандық өнімнің жаңа түрлерін шығарып, еңбек өнімділігін арттыру – жұмыс орындарын сақтап қалудың бірден-бір жолы. Осы тұста металл илектеу зауытының ұжымы маңызды тапсырманы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» сапалы орындады. Алдағы уақытта зауыт өз өнімін көрші мемлекеттерге де экспорттауды жоспарлап отыр.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ