“Астананың құрдасы”
Сәт сайын көркейген Астанамызбен бірге құрдастары да есейіп, ержетіп келеді. Солардың бірі Ы. Алтынсарин атындағы гимназияның 11 сынып оқушысы Қымбат Мырзатаева. Ол қалалық "Сәлем" жас тілшілер үйірмесінің мүшесі. Бойындағы қабілетін бастауыш сыныптан – ақ байқатқан. Қалалық "Абай оқулары байқауының жеңімпазы. Облыстық байқауда "Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда" номинациясы бойынша ІІ орынды қанжығалаған.
"Жас жүрек жайып саусағын" атты жеке өлеңдер кітапшасын шығарып, шығармалары "Аңсар – 2013" Қазақстан халқы Ассамблеясының респуликалық әдеби байқауы бойынша үздік еңбектер жинағына енген.
Біз жас дарынның "Астананың құрдасымын" атты өлеңін Елордамыздың туған күніне тарту еткенді жөн көрдік. Қымбаттың кішкентай өлеңінен елге, жерге деген үлкен махаббатты көруге болады.
Астананың құрдасымын
Шаттығы жетіп жатыр бір басымның,
Өлеңді сүйер жанның сырласымын.
Әлемге ғажайып боп аты жеткен
Астана қаласының құрдасымын.
Астана ару қалам, бақ таланым,
Сен өссең мен бой жетіп шаттанамын.
Өзіңде бар қазақтың үміті бар
Көрікті қалам үшін мақтанамын.
Жол сілтеп адамзаттың сапарына,
Әр ұрпақ ой – арманын апаруда.
Мен келдім көшпелі елдің ұрпағы боп
Мен ендім елу елдің қатарына.
Қазақпын, текті жұртпын, намыстымын,
Бейбіт күн несібем көп табыстымын.
Төріне әлем сияр елге айналдың
Талайдың басын қосып табыстырдың.
Елім бай, өзен, тауым, көл жетеді,
Толғайтын жырым шексіз ән жетеді.
Діннің де, ұлыстың да басын қостым.
Саммитың, Азиядаң менде өтеді.
Жасай бер, ер халқымның жас қаласы,
Баянды болсын әрбір бастамасы.
Сен қала мен бала боп бірге өсейік
Аман бол, қазағымның – Астанасы!
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.