ТӨР

Төр… Ертеректе бір молда бай үйінің төрінде отырып алып, есік алдындағы байдың жалшысына қарап, кедей-кембағалдарды кемсіте сөйлейді. Жалшы шыдамай молдаға сіз төрде отырып, жалған сөйлейсіз деп бетке айтады. Сөйтіп, молда мен жалшы жанжалдасып жатқанда, олардың үстіне нөкерлерімен Бәйдібек би кіріп келеді. Жанжалдың мәнісін сұрағанда үй иесі баяндап береді. Сонда Бәйдібек би әуелі молдаға қарап: – Төрде отырып теріс сөйлегенің жөн емес, көпшілік ішінде төрде отырғанда абайлап сөйлеу керек. Төрді сыйлау кімге де болса парыз. Ал, жігітім, – деп босағада отырған жалшыға қарап: – Есікте отырып кейіс шығарғаның жөн емес. Сенің сөзің уәжді болса да, мына табалдырықты сыйламайсың ба? Біреудің табалдырығын аттап келіп, у-шу шығару жігітке жараспайды. Ол үйдің шаңырағын сыйлау саған қарыз. Бұл сөздің түйіні енді былай болсын: «Төрде отырып теріс сөйлегеннен без, Есікте отырып керіс сөйлегеннен без» – деп кесім айтыпты. Ежелден қазақ қонағын құдайындай сыйлап төрге отырғызады. Сондай-ақ әке-шеше жолындағы адам жасы кіші болса да, жолы үлкендігінен немесе арнайы сыйлы қонақ ретінде өзі қыдырып келген шаңырақта төрге шығады. Кейде кісіні жасы кішілігіне қарамай ақыл-парасатына, атақ-абыройына сай жолы үлкен саналып төрге оздыратынымыз да бар. Сондай-ақ бұрынғылар қызды қонақ болып барған үйде төрге отырғызатын. Ырыс-бақтың жұғыны қыз отырған төрде қалады, қызда ыстық мейір бар, ол мейір сол отбасына сіңеді деген ізгі наным-сенімнен туған. Сонау құлдыраған бала кезден «қонақтан жоғары отыруға болмайды» деген-ді құлағымызға құйып, санамызға сiңiрiп өсіп-ержеттік. Тағы басқа да осы сипаттағы ұлттық жазылмаған ежелден келе жатқан этикеті болған. Болған деуімізге себеп көбейіп тұр бүгінде… Бір күні ойда жоқта бір ақсақал сонау ит арқасы қияннан қаладағы баласының үйіне қыдырып келе қалады. Келсе, пәтерінде отыз-қырықтар шамасын- дағы бірнеше отбасы қонақтап отыр екен. Қариямен бас изесіп, амандасқандық ишаратын білдіргенімен сабаздардың бірде-бірі (не еркегі, не әйелі)орнынан тұрып, қарияға төрге шығыңыз деуге жарамайды. «Мен бәрібір төрге шық десе де шырқын бұзбай, озбас едім. Бәтшағарлар міз бақпады-ау, міз бақпады, ішінде балам да бар. Басы салбырап бірдеңе деп міңгірлеген болды. Кейін білдім, отырғандардың әрқайсысы қолында бір-бір билігі бар шенеуніктер екен», – дейді қария. Ал енді тағы бір дырдай кәсіпкер мерейтойын жасап сыйлы қонақтарым деп өзі секілді бай-бағыландарды төрге, жетпістегі қайын атасы мен енесін, әке-шешесін олардан төмен отырғызды. Кеш бойы шал-кемпірлер төрдегі «шынжыр балақ, шұбар төстерге» шәйін әперіп, күтушілік қызмет атқарды. Оны ар санаған құда-құдағи жоқ, томпаңдап, иіліп-имеңдеп отыр. Бұл жерде ұлы Мұхаң (Әуезов) айтқан мен отырған жер төр деудің қисыны жоқ. Ал өнерде: «Өнерде өз жолыңды бірден төрден бастайтын жағдайлар да болады. Одан кейін секіре алмай қаласың. Мысалы, Меруерт Өтекешова бірден Жібек болып бастады. Халықтың көз алдында солай қалды. Енді Меруерт қай бейнеде, қалай биіктейді? Қиын. Людмила Савельева бірден Наташа Ростова болып бастады. Оған да қиын болды. Әйтсе де, бұлар өнерде қала білді. Басқадай жағдайлар да бар». (Асанәлі Ә.) Рас-ау, төрдегі басы есікте қалғандар аз ба?! Бүгінде кейбір мекеме-ұйым, кәсіпорындарға ана сүті аузынан кеппеген, бесіктен белі шықпаған жастардың төрдің ұшар басында басшы болып отырғаны ешкімге таңсық емес. Рас, ақыл жастан, істің көзін тауып істейтін алғыр, іскер шығар. Бірақ, көп жағдайда сол сабаздар алдына келген жасы үлкен кісіге ілтипат түгілі бедірейе-безере сыздана суық қарайды… …«Қазақ «түрiкпен төрiн бермейдi» деп мысқылдайды, бірақ өзі кез-келген құдайы қонағына төрiн ұсынып құлдық ұрады. Ал ғасыр бойы төрімізді жайлап, ұртын майлап, өзімізге босағаны көрсететіндер әлі бар. Төрдi кімге, қалай беру керек, өзі?

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓