ШАЛА
Бір дана: "Адам баласы туғанда емес, жүрегінде махаббат сезімі оянған сәтте ғана өмірге келеді", – депті…
Ресми санақ облыста биыл бес мыңдай отау құрғандардың үш жарым мыңының шаңырағы ортасына түскен дейді…
Дананың сөзімен қарасақ, үш жарым мың жастың жүрегіндегі жанған от шала болғаны-ау… Шынымен-ақ, ажырасқан бозаңдардың ержетпегені де, бойжетпегені де… Шаңырақ көтеріп, отау құру үшін жұмсалған қыруар қаржы-қаражат та, олардың ата-анасының жүйке-жұлынының мың-мыңдап қынадай қырылған талшығы да түкке тұрмайтын болды.
…Зират басында қырықтар шамасындағы бір келіншектің көкірегі қарс айырылып отырғанын көрдім. Қабағанға қаптырмай, тебегенге тептірмей, арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп өсірген жар дегенде жалғыз ұлы ертең үйленеді деп отырғанда опат болыпты. Неден дейсіз бе, өзі құралыптас достарымен "бойдақтық ғұмырмен қоштасу" кешінде түнгі көлік жарысына түсіп, жүйткіген көлігі үш аунап түскен.
Қазір бесіктен белі шықпай жатып-ақ өмірдің рахатын көретін ұрпақ келді. Маңдайы да, жаны да терлемейді. Бәрі де дайын. Миын терең ойлатуға қызылды-жасыл дүние мұрша бермейді. Оны айтамыз, кешегі кеңес заманының жөргегінде туып, "коммунизмді" көрген, бүгінде жасы 40-50-дегі замандастарымызға қараңызшы, біразының бірсыпыра тірліктері әлі шала. Олар – ес біліп, етек жапқалы жаны қиналып көрмегендер. Желдің өтінде, күннің бетінде тұрмағандар… Әке-шешесі: "Сенің табаныңа кірген шөгір менің маңдайыма кірсін", – деп шық жуытпай өсірген ұрпақ. Осы бір көзсіз махаббаттың ақыры әлжуаз толқынды алып келді. Осындайда еске түседі.
Қыран құс қырық жасқа келгенде, тырнақтары сояудай, жемтігін ұстауға жарамсыз болады екен. Қанаты мен кеудесі ауырлап, көкте самғаудан қалады. Ол осы кезде шыңдағы ұясына ұшып барып, сонда өзін тезге салады. Жартасқа тұяғы түсіп қалғанша үйкелеп-егеп, әбден қаны сорғалағанда бірақ тоқтайды. Сөйтіп, жаңадан жас тұяқтың өсіп-жетілуін күтеді. Жаңа тұяқ өскен кезде қыран ауыр тартқан кеудесі мен қанатын қомдап, көкке самғайды. Бес ай бойы өзін осындай сынақтан өткізген қыран тағы да отыз жыл өмір сүретін болған.
Сөз басындағы "адамның өмірге келуі – оянған махаббатта" деуінің арғы астарында қай жаста болсаң да, өзіңді қайта құруға болады, қайта сынаққа төзімді болуды үйрен деген меңзеу бар. Менің түсінігімше, махаббат – маңдай тер, сынақ.
Бірақ, қазіргі дүр-дүние көзді ашып-жұмғанша, жалтылдап-жарқылдап барады. Сырты, іші емес. Іші шала ма деп мазасызданамын…