Дос құшағы

  Қостанай әуежайына Астанадан келген ұшақ қонып, күтіп алушылар шығар есіктің алдына үймелей бастаған. Мен де жақындай бере,бір қалада тұрсақ та көптен көрмеген  таныс  ағамызды  ұшырастырдым. Қасында шоқ-шоқ гүл ұстағаны  бар 5-6 өзі құралыптас кісілер бар екен. Аты есіме түспегеніне ыңғайсыздансам да амандасып жөн сұрасып жатырмыз.

– Сірә,  құдаларыңыз-ау,асыға күткен,-дедім сөзге тартып.
– Жәке,таппадыңыз, біз жеті облыста тұратын 7 досымды күтіп  алғалы  тұрмыз. Қасымдағылар  осындағы  дос – жарандарым,- деді ол,  бастырмалата сөйлеп,- сенсең,  40  жылдан  бері  осы  жеті  курстас  достарыммен туған – туыстан бетер  араласып- құраласамыз. Сабаздарың  Қостанайларың  жазда керемет қой,  қарағай –қайыңды,  айдын көлді, саф ауасын құмарта жұтасың деп , үш жыл сайын   отбасымен келіп, бір жеті демалып, аунап-қунап кетеді. Олар  осы жердегі менің жақындарыммен де тонның ішкі бауындай,-дегенше есік ашылып ұшақтан түскендер шыға бастады. Дос құшақтар айқасып жатыр. Қызыға, сүйсіне қарадым. Осынау бес күн жалғанда өмірге құштар ететін осы достардың шынайы пейілі,жүрек соғысы емес пе?..
       Бір өте байқуатты қария дүниеден өтіп бара жатып құдайдан:
– Құдай, маған кішкене өмір берші!, – деп жалынып сұрапты. Сонда Алла Тағала əлгі қарияның көзіне көрініп:
– Пендем қанша өмір сұрайсың? – десе, əлгі қарт:
 – Ағаштың жапырақтарының санымен тең өмір? – депті, сонда Құдай:
 -Адамға берілген өмірдің өзі жетпейді жапырақтың санына, – депті.
– Онда қанша бұтақ бар, соншама, – десе,
– Ол да болмайды, тым көп, – депті Алла Тағала, сонда əлгі қария:
– Қанша өмір бере аласыз?, – деп сұраған екен.
 – Өмірде қанша досың бар, соншама өмір беремін – депті Алла Тағала, сонда қария көзіне жас алып о дүниеге жүріп кетіпті.  Өйткені ол өмірін дос жинаумен емес, дүние жинаумен өткізген екен.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓