Өнер мектебінің өрендері олжалы оралды
Жакелдин ауданындағы Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің ұстаздары ұлттық мәдениетті дәріптеп, домбыра, қобыз, баян, көркемсурет және хореография сыныптары бойынша дәріс беріп, жас өнерпаздардың талаптарын ұштауда. Аталмыш өнер мектебінің ашылғанына биыл 15 жыл. Осы уақыт ішінде талай биік белестерді бағындырып, Торғай жерінің киелі өнерін облыс, республика жұртшылығына танытып, ел мерейін үстем етіп келеді. Бір ғана мысал, осы мектептің түлегі, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері Дилара Қарекенова – мектеп қоржынына алғашқы жеңіс медалін салғандардың бірі. 2008 жылы Болгарияда өткен IV халықаралық "Күн-достық-бейбітшілік" атты байқауға қатысып, тамылжытып ән салып, көрермендерді тамсантқан болатын. Ол бойындағы дарынын одан әрі ұштай түсу үшін Қореяның Сеул қаласындағы өнер академиясының хор дирижер, вокалист факультетіне оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтап "Үздік диплом" иегері атанды. Бұл – торғайлықтардың ортақ қуанышы. Дилара қарындасымыздың өнегелі ізін жалғап келе жатқан жас өнерпаздар да тек мектептің ғана емес ауданның мақтанышына айналып отыр. Сөзіме дәйек, олар кеше ғана Астана қаласында "Ақ көгершін" оныншы халықаралық балалар шығармашылығының фестиваліне қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келді.
Хореография бойынша би бөлімінің оқушылары Томирис Қаныбекқызы мен Аймекен Серікқызы "Жайлауда", "Қос құрбы" сынды қазақ билерін билеп, 2 дәрежелі лауреат атағын жеңіп алды. Халық аспаптар аталымы бойынша Қазанғап пен Динаның "Ақжелең" және "Науаи" күйлерін қасиетті қара домбыраның шанағынан күмбірлете төгіп, өнер сүйер қауымның жүрегін жаулап алған домбыра бөлімінің оқушысы Жансая Сәбитбектің бағы жанып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал, қобыз бөлімінің оқушысы Аружан Тұрғын халықаралық қобызшылар сайысында Ридинптің "Концерт си минор" шығармасын және Ықыластың "Жез киік" күйін орындап, үшінші дәрежелі лауреат атанды. Осы орайда би бөлімінің жетекшісі Жанат Әбдісалыққызының, домбыра бөлімінің жетекшісі Арайлым Балтабекқызының және қобыз бөлімінің жетекшісі Бибігүл Жексенбайдың есімдерін ерекше атап өткен жөн болар. Жас таланттардың өнерлерін жалпақ жұртқа жария ету жолындағы еңбектері ұшан-теңіз.
-Үш бірдей қуаныштың егесі атану – біздің мектебіміз үшін зор бақыт. Бұл, әрине, ұстаздарымыздың тынымсыз ізденістерінің арқасы деп білемін. Ал, оны жетік меңгеріп, санасына сіңіру жас өнерпаздарымыздың қабілетіне байланысты. Қабілеттілікті дәріптеу біліктілікті қажет етеді. Халықаралық дәрежедегі байқаудан жүлделі оралған үш оқушымыз осы сөздерімнің толықтай дәлелі бола алады. Өнерлі өрендердің бойларындағы дарындарын насихаттау – біздің еншімізде. Алдағы уақытта аудан өнері үшін өз үлесімізді қосып, жауапкершілікпен жұмыс жасайтын боламыз. Айтпақшы, мектеп ұжымымен үнемі тығыз байланысты жұмыс жасап, ақыл-кеңестерімен бөлісіп, қол көмектерімен беріп, демеушілік болып жүрген ата-аналарға және Жастар ресурстар орталығының басшысы Айбек Мұқатовқа мектеп ұжымының атынан шексіз алғысымды білдіремін. Оқушылардың өнерлерін бағалап, демеушілік жасайтын азамат-азаматшалардың қатары көбейсін деген тілегімді жеткізгім келеді,- дейді мектеп директоры Жанар Асанханқызы.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ,
Жанкелдин ауданы.