Азаматтардың арызы тыңдалды
«Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында облыстық ішікі істер департаментінің басшысы Тілеген Мәткенов бекітілген кестеге сай азаматтарды қабылдады.
Қабылдауға барлығы 10 адам тіркелген. Солардың бірі – Қарабалық ауданынан келген Әсия Досжанова. Өткен жылғы 1 қыркүйекте ұрланған малын іздестірудің созылып кеткендігі жөнінде жүгіне келіпті. Мекеме басшысы шағым иесіне түсініктеме, қарамағындағыларға шұғыл тапсырма беріп, алдағы 10 күн ішінде мәселені шешуге сөз берді.
Ұзынкөл ауданының тұрғыны Нұрлан Дайыров жол апатынан қайтыс болған інісі жөніндегі қылмыстық істі бақылауға алуын өтініп келіпті. Қабылдаушы бүгінгі күнге іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын түсіндіріп, мәселені бақылауына алды.
Қостанай қаласының тұрғыны Людмила Ефимова азаматша А. Ажанованың тарапынан жасалған алаяқтық жөнінде шағымданды. Маткенов мырза айрылған ақшасын өндіріп алу үшін сотқа жүгіну қажеттігін түсіндірді.
Сол сияқты қостанайлық Светлана Коцарь МАИ қызметкері Е.Б. Қасеновтың заңсыз айыппұл салғанына өкпесін айта келген. Оған да жол инспекторының әрекетін сот арқылы анықтауға кеңес берілді.
Облыс орталығында тұрушы Владимир Алексанин ұрлатып алған екі бірдей ұялы телефонын іздестіру жұмысында ішкі істер қызметінің әрекетсіздігіне арыздана келген. Оған тиісті түсініктеме берілді.
Қостанайдың Киев ауылында тұрушы Владимир Кучиннің арыздану себебі – оны ҚР көші-қон заңдылығын бұзушы шетелдік азамат ретінде орынсыз кінәлауға іліккені. Айтуынша, олар Қазақстанда 28 жылдан артық уақыт тұрып келеді. Азаматтық жөнінде көші-қон полициясына, Украина елінің Қазақстандағы консулдығына жүгінгенін, алайда әйелінің ауырып қалуына байланысты мәселенің сол кезде шешілмегенін, соның нәтижесінде көші-қон қызметі оларды елден аластату жөнінде шешім қабылдап отырғанын айтады. Оған тиісінше түсініктеме берген басшы сот шешіміне шағымдану мерзімінің өтіп кеткендігін жеткізді.
Наталья Скворцова Қостанай қалалық тәртіп сақтау органдарының алаяқтық жөніндегі істі қарауды әуре-сарсаңға салып отырғанына шағынады. Арыз иесіне тиісті түсініктеме беріп, осы іс бойынша милиция қызметкерлеріне РФ іссапарға шығуға тапсырма берді.
Қамысты аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне шағына келген Сәкен Сейдалинге жан-жақты түсініктеме беріліп, арызданып отырған мәселесі бойынша мерзімнің өтіп кеткендігі айтылды.
Меңдіқара ауданының Борки ауылынан келген ағайынды Қарлығаш, Ұлпан, Алмас Дөненовтер балалары Ұ. Дөненоваға қатысты аудандық ювеналдық полициясы тобының инспекторына шағымдана келіпті. Басшы қолма-қол қауіпсіздік қызметі басқармасына Меңдіқара аудандық ІІБ қызметкерлеріне қатысты істі қайта қозғау жөнінде тапсырма берді.
Рудный қаласының тұрғыны, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкері Диас Қарағожин өзін қайтадан ішкі істер ороанына қызметке алулары жөнінде өтініш білдірді. Оған тиісінше түсініктеме берілді.