Екінші бесжылдық екпінді жобаларға толы
2015-2019 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында елімізде металлургия, мұнай-химия, машина құрылысы, азық-түлік өндірісі, құрылыс материалдарын шығару тәрізді алты бірдей жетекші сала бойынша тың жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Соның ішінде біздің облыс үшін «оң жамбасқа» келетін негізгі төрт бағыт таңдалып алынды. Олар: қара металлургия, азық-түлік өндірісі, автокөлік һәм ауылшаруашылық техникаларын құрастыру салалары басты қаперге алынбақ.
Үстіміздегі жылдың ақпан айында «Атамекен» кәсіпкерлер Палатасымен бірлесіп индустриаландыру Картасы түзілген-тұғын. Оған жалпы құны 321,9 млрд.теңге тұратын 16 жоба енгізілді. Бұлар кәдеге асқанда 3249 жаңа жұмыс орындары пайда болады.
Жалпы, жаңа жобаларды жүзеге асыруда астықты өңір республикада 11-ші орында тұр, ал инвестиция тарту жағынан 8-ші орында. Тұрғындарды жұмысқа орналастыру деңгейі де жаман емес. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк кезекті аппарат мәжілісінде мәлімдеді.
Негізі,еліміздегі индустриаландыру картасына 23 ірі жоба кіреді. Олардың жалпы құны 6,5 трлн.теңге. Онда біздің облыс ұсынған бір ғана жоба бар. Ол «ССКӨБ»АҚ-ында қуаттылығы жылына 1,8 млн.тонна өнім өндіруге қауқарлы металл өнімдері зауытының құрылысын салу. Қүны 99,1 млрд.теңгеге бағаланған жоба іске қосылғанда 550 жаңа жұмыс орыны ашылады.
Биыл индустриаландыру Картасының аясында өңір тағы үш жоба пайдалануға берілді. Сөйтіп, қосымша тағы 109 жұмыс орыны пайда болды.
Жаздың күні Рудный қаласындағы «Лидер-2010» ЖШС-і сүт және қышқыл сүт өнімдерін шығаратын цехты пайдалануға берді. Оның құны 1 млрд. 250 млн.теңге тұрады. Жаңа жұмыс орнына 30 адам орналастырылды.
Бұл кәсіпорын жыл басынан бері 19,8 млн.теңгенің өнімдерін өндірген. Заманауи технологияларды енгізіп, арнайы ПЭТ құтыларын пайдалану арқылы өнімдердің сақтау мерзімі ұлғайтылған. Бұл өз кезегінде сату жағырапиясын біршама кеңейтуге ықпал етеді.Мәселен, рудныйлық кәсіпорын шығарған өнімдерді еліміздің барлық өңірлерімен қоса Ресейдің отыз шақты қалалары тұтынады.
Сондай-ақ, үстіміздегі жылы «Арасан» фирмасы» ЖШС-і алкогольсыз сусындар, су, шәй,квас, жеміс және көкөніс шырындарын шығаратын цехты әске қосты. Оның құны 2 млрд.69 млн.теңгеге бағаланып отыр. Зауытта күні бүгін 35 адам еңбек етеді. Бұл кәсіпорын жұмыс істегелі 42,5 млн.теңгенің өнімдері өз тұтынушыларына жол тартты. Зауытта Германияның «Кrones» фирмасынан әкелінген жоғары өнімді автоматтандырылған заманауи жаңа қондырғылар орнатылды. Әлемдік стандарттарға сәйкес келетін осындай жабдықтардың арқасында өндіріс ошағында жеңіл сусындардың жиырма сегіз түрі шығарылады.Жобаның ең тиімді тұсы сол, мұнда Қазақстанда ең бірінші болып табиғи иодталған су пайдаланылады. Кәсіпорын толық қуатына көшкен кезде бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 266 мың.АҚШ долларына жететін болады.
Жуырда Таран ауданындағы « Первомайский Щебзавод» ЖШС-інің базасында ұнтақтау-сорттау кешені ашылды. Бұл жобаның құны 485,3 млн.теңге. Кәсіпорында 44 адам жұмыс істейді. Олар есепті кезеңге дейін 156,8 млн.теңгенің өнімдерін өндіріпті.
2016 жылы индустриаландыру Картасының аясында облыста тағы бес ауқымды жоба жүзеге асырылмақ. Оларға құйылатын жалпы инвестицияның көлемі 31 млрд.теңге. Бүгінде соның шамамен 10,8 млрд. теңгесі немесе 35% игерілген .Жаңа жұмыс орындары 337 адамды еңбекпен қамтитын болады. Мәселен, «Жас қанат-2006» ЖШС-ін қайта жаңғырту арқылы жылына 250 млн.дана жұмыртқа өндіру, жылына 18 мың.тонна сұйық май шығаратын «К-Оil» ЖШС-ін іске қосу, Лисаков қаласындағы «СпецСтальКонструкция» ЖШС-нің базасында аңғар қаңқаларын жасайтын цех, Рудныйдағы цемент зауыты, Арқалықта «Желсаябағының» құрылысын салу тәрізді ауқымды жобалар баршылық.
Астықты өңір 2017 жылы да 1023 адамға лайықталған 3 жобаны пайдалануға беруді көздеп отыр. Оған шамамен 35,3 млрд.теңге инвестиция тартылмақ. Соның 2,5 млрд.теңгесі немесе 7%-ы игеріліп те қойды. Болашақ жобаларды да сөз арасына қыстыра кетейік. Қостанайдағы «Дружинин» жеке кәсіпорыны нан өнімдері мен түрлі тәттілер шығаратын фабрика ашуды көздейді. Оған 2 млрд. теңге қажетсінсе, бүгінгі күні 2 млрд.49 млн.теңге жұмсалып та үлгеріпті. Сөйтіп жеке кәсіпорын 120 жаңа жұмыс орнын ашуға ниет білдірген.
Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 90%-ға орындалыпты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы кәсіпорын 70 млн.теңге көлемінде электрмен жабдықталды. Алайда, болашақ өндіріс ошағында шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Әлі күнге фабриканың жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтпеген. Жаңа қондырғыларды монтаждау мәселесі шешілген жоқ.Электрмен қосымша жабдықтау да уақыт оздырып алған. Қысқасы, Қостанай ауданының әкімдігі жоба иелерімен бірлесіп аталған проблемаларды бірнеше мәрте қайта қарастырды.
Сондай-ақ, Жітіқарадағы «ОрионМинералс» ЖШС-і құрамында алтын бар кен өндіруге қауқарлы кен-байыту фабрикасын іске қоспақшы. Мұның да жобалық құны қомақты, яғни 8,7 млрд.теңгеге бағаланып отыр. Әзірге бар игерілген қаржы 440 млн.теңге. Кәсіпорын пайдалануға берілгенде 40 жұмыс орны ашылады деп межеленген. Әзірге,өндіріс құрылтайшысы – «Казцинк» АҚ-ы жыл соңына дейін жобалық жұмыстарды жүргізуге кірісіп те кетті. Алайда, құрылыс салу мерзімі нақтыланған жоқ. Тағы бір ауқымды жоба Денисов ауданының аумағында жүзеге асуы тиіс. Ондағы «Қазақстан -Ресей кен компаниясы» ЖШС-і жылына 14 мың.тонна молибден және 3,4 мың.тонна вольфрам концентраттарын шығаратын өндіріс ошағын ашуды жоспарға енгізіпті. Оның құны 24,5 млрд.теңге. Келешекте кәсіпорында 863 адам еңбек етеді деп жоспарланған. Бірақ, жоба әлі игеруісіз қалып тұр. Қазірше газ құбырының құрылысын салуға , электр желісін тартуға және карьерге жол салуға жер телімінің актісі жасалған. Геологиялық барлау жұмыстары жүргізілді. Енді құрылтайшылар инвесторлар іздестіріп жатыр.
2018-19 жылдары да индустриаландыру Картасының шеңберінде жүзеге асатын жобалар бар. Алдағыны әрине, Алла біледі. Алайда, екінші бесжылдықтың аясында жүзеге асуы тиіс шаруалар шаш-етектен. Оған қомақты қаржы да қарастырылған. Облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк өз баяндамасында екінші бесжылдықта, яғни 2015-19 жылдар аралығында жүзеге асуы тиіс жобаларды «жіпке тізіп», олардың мүмкіндігін, қаржылық әлеуетін жан-жақты саралап берді. Тыңдап отырсаңыз, көңілге қонымды жобалар көп-ақ, егер оның бәрі жүзеге асса.
С.Карплюктің айтуынша, Қостанай,Рудный,Арқалық, Лисаков қалалары мен Таран,Қостанай аудандарының ғана ивестиция тарту белсенділігі жоғары. Осы алты өңірден өзгесі әлі «қалың ұйқы құшағында» отыр. Мұны облыс басшысы Архимед Мұхамбетов те меңзеп өтті. Әрине, облыста өндірілетін өнеркәсіп өнімдерінің 90% -ы жоғары аттары аталған аудандар мен қалалардың үлесінде. Инвесторлорды қызықтыратын басты факторлардың бірі – инфрақұрылымы жетік өңірлер екені де сөзсіз. Солай бола тұрса да басқа аудандарға ширақ қимыл қажет-ақ. Аймақ басшысы екінші бесжылдықтың тізіміне енген жобаларды жүзеге асыруда оның тиімділігі жағын жан-жақты ойластыру қажеттігін алға тартты. Жүзеге асырудың жөні осы екен деп бет алды жоспарлай берудің қажеті шамалы. Жоба нақты әрі «етек-жеңі» жіп-жинақы болуы шарт. Сосын бір жобаны жылдар бойы созуға жол берілмеуі керек. Архимед Мұхамбетов жаңа жобаларды жүзеге асыруда бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Айбек КӘДІРҰЛЫ