Армысың, әз-Наурыз!
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін Қостанай аудандық тілдерді оқыту орталығында орталық және ауылдық округ тыңдаушылары ерекше сән-салтанатпен тойлап өтті. Әрбір ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі, мәдениеті болғанымен, жыл басы әз-Наурыз баршаны біріктірген ортақ мерекеге айналды. Орталықтың көп ұлтты тыңдаушылары бұл күні бір шаңыраққа топтасып, Ұлыстың Ұлы күнін достық пейілмен қарсы алды. Ұлы даланың ұлық мерекесі әз-Наурызды тыңдаушылар ұлттық дәстүрлерімізді сақтай отырып ұйымдастырды. Сахнада ақшаңқан 4 киіз үй тігіліп, олардың әрқайсысында еліміздің ең елеулі оқиғалары әспеттелді. Тыңдаушыларды Наурыз мерекесіне келген қонақтар құттықтады.
Наурыз мерекесінің шымылдығы ұлттық би өнерімен және шашумен ашылды. Дәл осы сәтте қазақтың мамыражай тіршілігін суреттеген әсем табиғаттың аясында түбіт иіріп, киіз басқан ақ жаулықты әжелеріміз бен ағаш-темір ұсталарының шебер қолдарынан шыққан қолөнер бұйымдары, домбыраның жасалу жолдары, қымыз жасау тәсілдері жұртшылықты құдды бір бабалар заманына сапар шеккендей әсер сыйлады. Көп ұзамай мерекенің басты кейіпкері әрі сыйлы қонағы Қыдыр Ата да сахна төріне көтеріліп, көпшілік қауымды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, ақ батасын берді. Наурыз мерекесі орталықтың және ауылдық округ тыңдаушыларының қатысуымен «Ұрын бару», «Құда тарту», «Шарғы салу», «Қазан шегелеу» т.б. салт-дәстүрімен жалғасын тапты. Келген қонақтар жетi түрлi дәмнен жасалған наурыз көжеден де дәм татты. Төс қағыстырып, амандық сұрасты. Іс-шараны тамашалаған қонақтар мерекенің жоғары деңгейде өткізілгенін айтып, жылы лебіздерін білдірді.
С.С.Нұрғазина,
Қостанай аудандық оқыту орталығының оқытушысы.