Ұлыстың Ұлы күні – ұлы той
Күн мен түн теңесіп, “Жаңа күн” жарқырап шығып, табиғат ана исініп, Жер ана бусанып, жұмыр жер бетіндегі тіршілік иелерінің бойына қан жүгіріп, ағаштар бүршік жаруға бейімделіп, тіріле бастағанда аталып өтетін “Ұлыстың ұлы күні” қай жағынан алып қарасаң да ұлық деуге болады.
Қазақтың жаңа жылы саналған наурыз мейрамын қарсы алу үшін Шақшақ Жәнібек атындағы орталық алаңға жиналған халықтың қарасы көп. Орталық алаңға сән беріп тұрған ақбоз киіз үйлердің алдында тай қазанда қайнаған нурыз көже мен ұлттық тағамдардың иісі бұрқырап, қазақы ауылдың көрікті бейнесін еріксіз еске салды. Ал дала сахнасына қазақ әндері үздіксіз шырқалып тұрды. Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің бишілері мереке шымылдығын қазақ биімен ашып берді.
Аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин аудан жұртшылығын аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың және кешегі сайлауда жеңіске жетіп, сайлаушылардың сеніміне ие болған “Нұр Отан” партииясының атынан айтулы мерекемен құттықтап, тәуелсіз ел тарихындағы орны ерекше мереке – Наурыздың маңызын тарқатып, тілегін арнады. Әлібек Қабжәлел қажы ақ батасын берді. Халқымыздың дархан мінезін танытар ұлттық болмысымыз осы мерекеде ерекше көрініс тапты. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Торғай мұражайлар кешенінің қызметкерлері дастархан мәзіріне жеті шелпек, наурыз көже, ыстық тағамдарын көпшілікке ұсынды. Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары “Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні” атты мәдени көпшілік іс – шараларын тарту етіп, жиналған қауымға мерекелік көңіл – күй сыйлады. Аудандық білім беру бөлімі қызметкерлерінің салт-дәстүр мен әдет-ғұрып жайлы көрністері жүректерге жылулық ұялатты. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының “Қайырымдылық керуені” жалпы ұлттық акциясының шеңберінде жақында ғана құрылған “Аналар кеңесі” мерейлі мереке аясында “Мейірім” атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, әлеуметтік жағдайы төмен балаларға қамқорлық танытты.
Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырған ұлттық спорт ойындарына қатысып, жеңіске жеткендер ақшалай сыйлықтармен марапатталды. “Шаңырақ” шатханасынада аудан ардагерлеріне арналған арнайы мерекелік дастархан жайылды.
Осылайша, Наурыз мерекесін дүбірлі думанмен қарсы алған торғайлықтар қазақша жыл қайыру рәсімі бойынша жылқы жылын тарих қойнауына аманаттады.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ,
Жанкелдин ауданы.