Жер беті толсын мейрам-мейірімге
-Жапан дала жаңғырып, жан-жануар түлеп, мал төлдеп жатқан мезгілді ата-бабамыз мерекеге айналдырып, ағайын-туыс төс түйістіріп, қол қусырып амандасып, мәз-мәйрам болысқан. Табиғат-ана қайта жаңаратын ерекше күнді жыл басына балап, Ұлыстың ұлы күні деп атаған.
Наурыз-қараңғының-жарыққа, ызғардың-жылыға, қараның-аққа, сордың-баққа, кесірдің-киегі, жоқтың-барға ауысатын шағы. Бұл мейрамның артықшылығы сол, жер бетіндегі тіршілік иесі түрленіп, түлеп, төлдейді. Қытымыр қыстың қаһары қайтып, дүние құлпырады. Дүрдараз жандар татуласып, араз жандар бірін-бірі кешіреді. Мал аузы көкке, жан аузы аққа тиеді. Табиғаттың ең көркем мерекесі Наурыз біздің елімізге бақ-береке әкелсін! Жер шүйгінді, мал күйлі болғай. Жаңа жыл қайырлы, шыққан көп айырлы болсын. Жер беті мейірімге толсын. Елімізде тыныштық, бейбітшілік, молшылық болсын. Қостанайымыз одан әрі жаңарып, халықтың жағдайы жақсара берсін. Биылғы жылы егін бітік шығып, қамба астыққа толып, шаруалардың еңбектері жансын. Қора төлге, өріс малға толып ауылдағы ағайынның ырыздық-несібесі молайсын.
Тоқшылық толастама, Жаңа жыл жарылқа!
Қымбат Досжанова