Бүлдіршіндер Наурызды атап өтті
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы Рудный қаласының барлық мекемелерінде тойланып жатыр. Соның ішінде, №7 «Бәйтерек» балабақшасы да бар. Бұл күні бүлдіршіндер былдырлаған бал тілдерімен ән шырқап, би биледі. Ұлттық ойындарды ойнап, «Тұсаукесер» салт-дәстүрін дәріптеді. Концерттік бағдарламаға ата-аналар да атсалысты. Олар балаларымен бірге халық әндерін айтып, салтанаттың көркін қыздырды. Тәрбиешілер басты мақсат – балаларға Наурыз мерекесінің мән-мағынасын түсіндіріп, ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеу екендігін айтады.– Біздің балабақшада мемлекеттік тілде білім мен тәрбие беретін бір ғана «Балапан» тобы бар. Сондықтан ұлттық мерекелерді ұйымдастыру жағы көбіне бізге жүктеледі. Наурыз мейрамының жоғары деңгейде өтуіне Жастар мен балалардың шығармашылығын дамыту сарайы, «Дебют» би тобы мен №7 қазақ орта мектебінің оқушылары атсалысты, – дейді «Балапан» тобының тәрбиешісі Венера Балғабаева.Мерекеге орай аналар Наурыз көжені молынан дайындап әкеліпті. Тәрбиелік маңызы зор шараның соңында бүлдіршіндер көжеден дәм татып, жаңа жылға жақсы тілектер тілесті.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ