Ұлыстың ұлы күні ұлықталды

21 наурызда Сарыкөл ауданында ұлы дала төсінде құт пен береке бастауы, ынтымақ пен бірліктің ұйытқысы – Әз Наурыз салтанат құрды.
 Мереке басталмай тұрып-ақ, қазақ халқының әуезді әндері мен домбыра үні естіліп тұрды.  Одан әрімен сахна «Күн», «Жер-Ана», «Ауыл», «Қыдыр ата»  және «Тайқазан» сияқты көріністермен көмкерілді. Мерекенің мәнін басты тағам – наурыз көже мен қазақтың дәстүрі – шашу аша түсті.                 
Ата дәстүрімізде осындай ұлы күнді халықтың атқа мінер азаматтары бастаған. Осыған орай аудан әкімі Амантай Балғаринге сөз берілді.
-Наурыз – көктемгі жаңару мен жаңғырудың, нұр мен ізгілік табиғатының керемет мерекесі. Ата-бабаларымыздан күні бүгінге дейін сақталған осынау күнді  тойлау дәстүрі  ауданның бас алаңында, сондай-ақ ауылдардың алаңдарында бірнеше сағаттық мерекелермен шектелмеуі керек. Ұлыстың ұлы күні әр үйде жалғасын таба берсін. Баршаңыды осынау айтулы мерекемен шын жүректен құттықтап, отбасыларыңызға амандық, дастархандарыңызға береке тілеймін, – деді өз жүрекжарды лебізінде аудан басшысы.
Сонымен қатар,  Амантай Кәкімбекұлы мерекелік күнге арнайы дайындалған киіз үйлерді аралап,  ұлтымыздың салт-дәстүрлерін  тамашалады.
Құттықтау соңы  ән-думанға ұласты. Аудан мен ауыл өнерпаздарының қатысумен аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған концерттік бағдарлама көпшілктің назарына ұсынылды. Әсіресе, дүбірлі думанға  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Арыстан Құрманов та арнайы қатысып, «Наурыз мейрамы», «Той думан» және басқада мерекелік әндерімен сарыкөлдіктерге естен кетпес көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кеткен жөн, бұл күні ұлттық спорт та ұлықталып, түрлі байқаулар ұйымдастырылды.  «Наурыз ауылы» атты киіз үйлер байқауында Тимиряз бен Маяк ауылы бірінші орынды (60 мың теңге) бағындырса, ал екінші орынды Златоуст пен Севастополь еншілеп  (40 мың теңге), сондай-ақ, үшінші орынды (30 мың теңге) Сарыкөл кенті мен Большие-Дубравы ауылы місе тұтты. Ал, қалғандары қатысқандары үшін марапатталды. Ал, ат әбізелдері байқауында 1-орынды Сорочин мен Урожайный, 2-орынды Тәгіл мен Комсомол және 3-орынды Сарыкөл кенті мен Большие-Дубравы ауылы алды. Бұдан бөлек, «Ең үздік ұлттық киім» байқауы бойынша барлық қатысушылар үздік деп танылып, ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Жалпы, айта кеткен жөн, екі жылдан астам уақыт ашық аспан астында думанды жиынға жиналмаған ағайынның да қарасы көп болды. Олардың дені мерекелік бағдарламаны тамашалап, киіз үйлерден дәм татып, алаңда құрылған сауда нүктелерін аралап, мәз-мәйрам күйге енді.  Ең бастысы, осындай ұлаңасыр мереке сыйлаған жергілікті билікке жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, тарқасты.
 
Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓