Назарбаев мектебі Наурыз тойын тойлады
Ұлыстың ұлы күнін Қостанай қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі кең көлемде атап өтті. Бұл білім ошағы есігін ашқалы айтулы мерекені екінші рет тойлап отыр.
Соған қарамастан, мұғалімдер мен оқушылар ауызбіршілік танытып, тіпті, мектепте ұстаздық ететін өзге ұлт өкілдері де Наурыз мерекесінің қадір-қасиетін жақсы түсінген.
Осы күні қазақтың ұлттық киімін киіп, дәстүрлерін бек ұстанған.



Мерекелік іс-шараға Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкіұлы, өңірімізге белгілі кәсіпкер Сайран Бұқанов, ҚМУ-нің проректоры Алмасбек Әбсадықов сынды шаһардың құрметті азаматтары шақырылған.
Мектеп ауласы қазақ ауылына ұқсатып безендірілген.
Бір жағында жәрмеңке, қазақы киіз үй болса, енді бір қанатында спорттық ойындарға арналған алаңқай және наурыз көже мен бауырсақ әзірлейтін ошақ орнатылған.










Кенжебек ағамыз балғындарды жаңа жылдың басталуымен құттықтап, оқуда озат, ата-аналарының мақтанышы болып, ел мерейін асқақтатын ұл-қыздар боп өсуін тіледі.

Ал, мектеп директоры Сапақов мырза оқу жылының үшінші тоқсанының аяқталғанын айтып, оқушылардың көктемгі демалыста жақсы демалуына тілектестігін білдірді.



Наурыз думанына ата-аналар да белсенді дайындықпен келген екен.
Ортаға шығып ән салып, өнерлерін аяп қалмады.


Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген автор