Ел ертеңі үшін маңызды (фоторепортаж)
Бүгін ҚР Парламенті мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауы басталды. Саяси науқанға Қостанай жұртшылығы да бір кісідей белсенді атсалысуда. Облыс көлемінде 818 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Әрқайсысының есігі таңғы сағат 7.00-ден бері келімді-кетімді дауыс берушілерден арылмауда. Мәселен, М.Горький атындағы гимназия №22 сайлау учаскесі ретінде белгіленіпті.
Бір жағымдысы, комиссиялардың айтуынша, электораттардың ішінде егделерден гөрі жастар қауымы анағұрлым көбірек екен. Мәселен, Айжан Мнашева – Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының 1-курс студенті. Тұңғыш рет дауыс беруге келіп тұр.
Саяси науқанға алғаш рет үн қосып отырған Жәнібек Сағынтаев та мұның қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Немқұрайдылық танытпай, тәуелсіз елдің еркін ойлы азаматы ретінде өзі қатарлас жастарды дауыс беруге шақырады. Әр дауыс елдің ертеңі үшін маңызды. Барлығы секілді бұл учаскі де кешкі сағат 20.00-ге дейін дауыс берушілерді күтеді.
Ж.Балғынбекұлы.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.