Наурызнамадан бір үзік сыр

Мақсаты, мәні:
 
ТЕПЕТЕҢДІК. Ұлыс тойы Күн мен Түн, Қыс пен Жаз тепе- теңдікке келген сәттен бастап тойланады. Осыған сәйкес наурыз тойы жаратылысты қоршау­шы күштердің, алдымен Табиғат пен Қоғамның, екіншіден, Ел мен Елдің, үшіншіден, Қоғамдағы әлеу­меттік топтардың тепе-теңдігінің сақталуын талап етеді.
ИГІЛІК. Наурыз тойы қарсаңында: «Бұлақ көрсең көзін аш»  деп қаумаласқан жігіттер бастаулардың көзін ашып, қария­лар: «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын»  деп бұлаққа май құйып, өсімдіктерге ақ бүркеді. Сөйтіп, табиғаттың өсіп-өнуіне жағдай жасалады.
ЖАҢАРУ. Мал төлдеп, жер көктеп, дүние жаңарады. Осыған сәйкес, адамдар да шашын алып, сақал-мұртын күзеп, жуынып, шайынып, ақ көйлек пен су жаңа киінеді. Тазару үшін «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген асқаралы түсінік бойынша, әр адам өткен жылына есеп беріп, ары алдында арылады.
 
Наурыз сөздік:
 
ОТАМАЛЫ – 15 наурызда кіріп, 17 наурызда шығатын амал. Бұл амалдың жақсылық пен жамандыққа бағынуына қарай халқымыздың: «Отамалы, от алғанша, керегенің басын шот алғанша», «отамалы, отамалыдан қалған ата малы»  деп берген мінездеме мәтелі бар.
ҮТ – саңылау, тесіктен үйге түскен күн сәулесінің тозаңдануын қазақ үт кірді деп есептейді. «Үт кірді, үйге құт кірді» деген қазақ мәтелінде күн нұрының жердегі тіршілікке жасар игі әсерін бейнелейтін үлкен мән бар.
 
Наурыз тілек:
 
"Қазан аузы жоғары! Ақ бол, сүт бол, Наурыз! Дән бол, құт бол, Наурыз!
Келiнiмдi кердең қылма, ибалы ет, Нау­рыз, Қыздарымды сырдаң қылма, сырғалы ет, Наурыз!
Байларыма тойым бер, Наурыз! Балақаныма ойын бер, Наурыз!
Билерiмдi салиқалы, сабырлы қыл, Наурыз! Халқыма қалқан азаматымды қарағайдай тамырлы қыл, Наурыз!
Ұлықтарым кiшiк болсын, Наурыз, кiшiлiгi жоғары күшiк болсын, Наурыз!
(«Ұлық болсаң кiшiк бол» деген, «кiшiк болмасаң күшiк бол» деген) .
Әкiреңдеген әкiмнен сақта, Наурыз, қодыраңдаған әркiмнен сақта, Наурыз!"
 
 Неге әз-Наурыз  деп  атайды?
 
Халықтың ежелгі наным-сенімінде наурыздың алғашқы үш күнінде жер-көкті жарып ерекше дыбыс (гуіл) естіледі. Мұны тек қана жұмақтан шыққан қой, сол арқылы оны бағып жүрген қойшы ғана естиді. Бұл күні бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне, өсімдік, жан-жануарға ерекше сезім, қуат, қасиет нұры құйылады. Сол себепті, халқымыз «Әз болмай, мәз болмайды» деген.
Ұлыстың ұлы күні деп неге атаған?
Бұл жөнінде мынадай аңыз бар: Бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәт-те жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татады. Содан, бұл күнді – ұлыстың ұлы күні деп жариялайды.
 
Наурыз неге жыл басы?
 
ТМД Астрономия геодезия қоғамының толық мүшесі Ж.Сахиев:
«Жеріміз Күнді бір айналып шығатын мерзім – жылдың шартты түрде үш – үш айынан: наурыз, сәуір, мамыр – көктем, маусым, шілде, тамыз – жаз, қыркүйек, қазан, қараша – күз, желтоқсан, қаңтар, ақпан – қыс мезгілдері болып бөлінетіні баршамызға аян. Астрономия ғылымында бұл нақтылана түседі. Көктем наурыз­дың 22–інен, жаз маусымның 22–інен, күз қыркүйектің 23–інен, қыс желтоқсанның 23–інен басталады. Ендеше, Жаңа жылымыздың дәл 22 наурыздан басталуы жыл мезгілдерінің астрономия заңдылығымен де дәл келеді».
 
Бұл мейрам басқа халықтарға да тән бе?
 
Көне мейрам Наурызды әлемнің көп халықтары тойлаған, қазір де тойлайды. Сондықтан да оны халықаралық мейрамдеп те атауға болады. Наурыз мейрамын ежелгі гректер «патрих», бирмалықтар «су
мейрамы», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардугаш», буряттар «сагаян сара», соғдылықтар «наусарсыз», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп әрқилы атап, тойлаған.
Рим республикасында біздің дәуірімізден бұрынғы VIII ғасыр­дың орта шенінен бастап қолданылған күнтізбеде Жаңа жыл наурыз айынан басталып, қазіргі күнтізбелерінде әлі күнге ­дейін сақталған. Римдіктер жылдың бірінші айын соғысқа тиым салушы құдай Мартиустың атымен март деп атаған.
Көнедегі Русьте де христиан діні қабылданғанға дейін Жаңа жылды бірінші март күні қарсы алу дәстүрі болған. Бұл күні Русь халқы мынандай әдет – ғұрыптар жасаған: 1. Құт құдайының құрметіне деп шырақтар жағып, оны шие ағаштарына ілген. 2. «Түрлі аурулар мен пәле – жаладан сақтайды» деген ырым, сенім бойынша дастарқан басына жиналған әрбір шаруаның алдына үш бас сарымсақ пен столдың нақ ортасына бетін шөппен жапқан 12 тал пияз қойған.
Наурыз күні ертедегі грек патшасы алтын тағынан түсіп, өзіне ұнаған қызметшісіне бір күн өз орнын берген. Байырғы Иран патшасы әділ уәзіріне өз шапанын сыйға тартқан.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓