Шілде қандай ай?
Ай атауы шілде – парсының «чіллә», яғни қырық деген сөзінен шыққан (М.Ысқақов, «Халық календары», Алматы, 1980 жыл. 246 бет). Шілде өте ыстық ай, оның ыстығы 40 күнге созылатындықтан, қазақтарда «қырық күн шілде» деген сөз бар. Маусым айының 26 жұлдызынан тамыз айының 5 жұлдызына дейін ауа райы өте ыстық болады. Содан «қырық күн шілде» ұғымы туған. Бұл күндерді «Ұлы шілде» дейді. Шілденің аңызақ, аптап күні – «күн шіліңгір». Қырық күн шілде халық аузында «Суыр» деп те аталады. Сұмырай деген сөз суыр айы деген мағынада. Содан халқымыз: «Сұмырай келсе су құриды», – дейді. Шілде айының тағы бір көне атауы – асад. Үркердің толғағы. Бұл мал-жанға жайлы, үркер туатын шілденің ортасы.
Шілденің 20 жұлдызында Таразы жұлдызы туып, таң суи бастайды. Сол себепті қазақтар: «Таразыда таң суиды» дейді.
Әр сөзді орнымен қолдана білейік
Ауызекі сөйлеу стилінің лингвистикалық белгілерін қарастырған ғалым М.Серғалиев әркімнің жастайынан айтып дағдыланған сөздерді жиі пайдалануын табиғи құбылыс ретінде қарастырады. Мысалы, айтқамыз жоқ, мағам деп айту сөйлеу тілінің нормасы болса, айтқан жоқпыз, маған деп жазу жазба тілдің нормасы. Десек те, айтқамыз жоқ пен мағам ауызекі сөйлеу тілінде қателік болып саналмаса да, ресми ортада құлаққа түрпідей тиетіні рас. Сондықтан да әр сөзді орнымен қолдана білген дұрыс. Ал балаларды балдар, бағананы мана деп айту, яғни тілдік говорларды қосып сөйлеу де сөздің стилистикалық мәнін айтарлықтай төмендетеді. Сондай-ақ, айтсаңдарсайшы, білесіңіз, көресіңіз деп айту да дұрыс емес. Ешқандай грамматикалық құрылымға жауап бере алмайтын айтсаңдарсайшы – айтсаңдаршы мен айтыңдарсайшы деген екі сөздің қайсысын қолдануды білмегендіктен пайда болған сөз қателігі болса, білесіңіз – білесіз, көресіңіз –көресіз, жәнегі, жәңәгі – жаңағы, айландыру – айналдыру деген сөздерді дұрыс айтпаудан, дұрыс сөйлемеуден болған қателіктер.
Сондай-ақ, ауызекі тілде «құрысыншы», «құры», «мә!», «өлә!», «бопты», «кетші» сияқты паразит тіркестердің азаймай отырғанын айтуға болады. Ойдың тежелуі, тілдің күрмелуі, адамдардың сөзінің жараспауы осы сөздерді көп айтудың әсерінен деп ойлаймын. Сөйлесу барысында жиі қолданылып жүрген осындай сөздердің бірі – да сөзі. Студенттер тілінде «иә-да» деген тіркес сөздің құрамында кездеседі. «Маған айтады да сен сөйт деп. Сондайлар бар да. Балаларға звандадым да» деген мысалдардағы «да» сөзі интонацияның рөлін атқарып, алдыңғы сөздерді айырықшалап, ерекшелеп тұр.
Сөз қадірін білген қазақ халқы «Сөздің оңы мен терісіне, өңі мен астарына айрықша мән беріп сөйле» дейді. Сондықтан да құрметті оқырман, әр сөзді орнымен қолдана білейік.
Айнұр НҰРБЕКОВА,
гуманитарлық ғылымдар магистрі,
Тілдерді оқытудың облыстық
орталығының оқытушысы.