Ата кәсіп нәсіпке айналды
Киіз үй жасау ертеден келе жатқан ата кәсібіміз. Дегенмен оны Наурыз сияқты ұлттық мерекелерде ғана іздейміз. Бұл сонда жасандылық па, әлде салт- дәстүрді жаңғырту ма? Қалай десек те, осы өнердің тектілігін сақтай отырып, кәсіпке айналдырып жатқандар бар. Бар болғанда саусақпен санарлық. Осындай жандардың бірі іргеміздегі Заречный ауылында тұрады.Ұмытылып бара жатқан жәдігерімізбен толығырақ танысу үшін Заречныйдағы киіз үй жасайтын Санайлар отбасына жол тарттық. Мұнда бұл әулеттің ортаншы ұлы Дәркенбай тұрады. Өз қолымен тұрғызған жер үйдің бір бөлмесі шеберханаға айналған. Бізді өз ісінің ісмері атанған Санай Іркітбай атамыз бен Әзей Бәлел апамыз күлімсіреп қарсы алды. Қолөнер атадан балаға мирас болған дүние. Бұл өнердің бастауында, әрине, Әзей апамыздың әкесі Бәлел ақсақал тұр.
Қазақтың қара шаңырағы болған киіз үйді жасаумен тегін адам айналыспайды. Көне істі қайта жаңғыртудың да өзіндік себебі бар деседі шеберлер. «Киіз үй – көшпелі қазақтың баспанасы еді, ал бүгінде сол заманнан бір естелік болып қалды. Күнделікті өмірде қажет емес, тек Наурыз мерекесін тойлағанда тігілетін сәнді дүние есебінде пайдаланылып жүр. Қазақтың қолөнеріне сұраныс осы кезеңде ғана туындайды, құдалық жасағанда не болмаса демалыс орындары жалға алады. Дәл өзіңіз секілді тілшілер де бізді мерекеде іздейді. Бірақ бұл да болса көңілге демеу. Кәсіптің сыртында киіз үйдің қадыр-қасиетін жоғалтпай, өнерді немерелеріме жалғастыру – менің басты мақсатым», деп әңгіменің ашығын айтты Санай ақсақал.Шебер бұл істі қайын атасынан үйренген. Негізгі мамандығы киномеханик болған ақсақал уақыт өте келе ата кәсіпке қайта ораламын деп ойламаса керек. Қазір отағасы қарап отырмай, бір өзі емес барлық отбасымен бірге осы іспен айналысып жүр.
– Атажұртқа көшіп келгелі қиындықтар аз болмады. Бірақ балалар өсті, заманға ілесті. Қолымыздан келер істі неге жаңғыртпасқа деген ой болды. Алғаш Елорда құрылып, қызу құрылыс басталған жылы Астанаға он үй апардық. Ондағы сұраныс сол баяғы көшпелі қазаққа жайлы болған киіз үйдің ыңғайлылығы еді. Одан қалды Ресей жерінде өткен той, ас берулерде де сұраныстан шығып жаттық. Тапсырыс көбіне сегіз және алты қанатты үйлерге түсіп жатады, Он екі қанатты киіз үйді сұрайтындар да табылады. Былтыр жазда ЭКСПО-ға жасауымен бір киіз үйді 1 миллион теңгеге бағалап, саттық. Бірақ киіз үйдің жасауына да, материалына да көп қаражат кетеді, деп көкейдегі ойымен бөлісті апамыз.
Рас, киіз үйдің не екенін білетін адам сағынады. Сірә, бұл біздің қанымызда болса керек. Оның құрылуының өзі ерекше сән-салтанат.
Тұнып тұрған еңбек
Құрылымы қарапайым киіз үйдің әр бөлігі тәрбиеге, дәстүрге бағытталған. Бірақ қазақы баспананың жасалу бейнеті де аз емес. Біз оны танысу барысында байқадық. Бұл жұмыс тек өз ісін сүйетін адамның қолынан келеді. Шеберлер бар өнерін салып, он адам біріккенде бір үйді ай шамасында әзірлеп шығарады екен. Сөйтіп, сырты әсем ою-өрнекпен безендірілген баспананы жасау үшін біраз тер төгіледі. Киіз үйдің қаңқасының жасалу технологиясы әлдеқашан бекітіліп қойған. Оны ешкім бұза да, өзгерте де алмайды. Тек заманға қарай жеңілдеген болмаса. Ал безендіруде еш қатып қалған қағида жоқ. Мысалы, түскиізін жасап алса, қалған бөліктерін сол түскиіздің түр-түсіне сәйкестендіріп жасала береді. Бұл енді әркімнің қиялына қарай жүзеге асып жатады.
Киіз үйдің негізін кереге, уық, шаңырақ пен сықырлауық құрайды. Қазақтың киіз үйін тігу үшін бірде-бір шеге пайдаланылмайды. Құрылыс нысаны тек табиғи материалдар екенін бәріміз де жақсы білеміз. Баспананың берік болуы керегесіне байланысты. “Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын” деген аталы сөз осыдан қалса керек.-Заманға қарай жасалу жолы жеңілдегені болмаса, негізі сол атадан келе жатқан жол. Қазір міне, бес үйдің керегесін істеп қойдық. Қарағайдың талдарын пайдаланып жатырмыз. Қажетті материалдардың барлығын Ресейден алдыртамыз. Ал біздегі ағаштар сынып кетеді. Қарағай, қайың ағашын таңдаймыз. Олар берік әрі икемге келеді. Ертеде ағашты тезге салып идіретін. Ол дегеніміз малдың көңнің буына салу. Оның да азабы аз болмайтын. Көңге салғанда ағаш қап-қара болып, иіс сіңіп кететін. Одан оны қолмен ағартатынбыз. Қазір бұл іс жеңілдеді, бу шығаратын аппарат шығыпты. Көңнің орнын сол алмастырып, пайдаланып жатырмыз. Ал мына керегенің арасын қайыспен бекітетінбіз. Қазір ол да ауысып, қатты жіптермен бекітетін болдық. Қазақтың ертеден келе жатқан әдісі осал емес қой, бірақ қайыс тез шіріп тозып қалатын. Қолдағы көнеден келе жатқан киіз үйлер көпке шыдас береді. Дегенмен жылда жаңартып отыруды қажет етеді. Ал үйдің жабдықтарын жасауға келіндерімді жұмылдырып жіберемін. Үлкен келінім Балнұр мен қызым Айнұр қолқабысын береді, – дейді Әзей Дәлел.
Қазақта: «Қисық ағаш тұрмайды, ағашының тезінде. Тар адамның ақылы, көріп тұрған көзінде» деген сөз бар емес пе? Міне, осы сөз ағашты тезге салып, икемге келтірген қазақтың көне технологиясынан қалса керек.
Сұраныс бар, өнім жоқ
Қазақтың қай қолөнері болмасын адамды еңбекқорлыққа, табандылыққа тәрбиелейді. Өйткені оның ұсақ-түйегіне дейін қолдан жасалады. Сондықтан болар бұл әулеттің ұрпақтары еңбекқор екен. Балалар жұмылып, келіндер келісіп, немерелер қолқабыс болып жатады. Бір – майдалайды, бірі – жонады.
Бір «әттеген-ай» дейтініміз осы іске қажетті материалдардың барлығы өз елімізден емес, сырт жақтан келеді. Ағаш Ресейден жетсе, киіз Қырғыздан келеді.
-Әрине, табиғи жолмен басылған киізге не жетсін. Бірақ оны басып, өндіріске шығарып жатқан кім бар. Қой ұстасақ жүнін қырқып далаға тастаймыз. Оны жаратар жан бар ма? Егер көзін тапса ол да бір кәсіп болар ма еді деп те ойлаймыз. Амал жоқ, Қырғызстаннан әкелініп жатқан дайын киіздерді аламыз. Киіз басудың қыр-сырын анам Зылиқадан бір кісідей меңгерген жанмын. Кейде шіркін, сол жолмен басса деп те ойлаймын. Бірақ оны дайындау үшін бөлек орын керек. Ол да оңай емес, машақаты да көп. Мүмкіндік те жоқ. Әйтпесе киіз сұранысқа ие, – дейді ісмер.
Осы орайда үлкен проблеманың шеті де көрінгендей. Елімізде қолөнерге деген сұраныс кейін келе туындағанымен оған жанашыр жандар аз. Жыл санап, ұмыт қалған құнды жәдігерге қамқорлықпен қоса қаржылай қолдау керек екені де айдан анық.–Осы ісімізге де қолдау таба алмай жүрген болатынбыз. Қостанай ауданының әкімі Қайрат Ахметов бастамамызға демеу болып, жол ашты. Ендігі ойым осы ісімді дөңгелентіп әкету үшін бөлек орын керек. Әзірге сол бөгет болып тұр. Әйтпесе мына жер балалардың салғаны. Аядай ғана шеберханаға бір үйді құра да алмаймыз. Менің ойымша, үкімет тарапынан осындай істерге айтарлықтай қолдау қажет. Ол қарапайым қазақ баласына қолжетімді болғаны дұрыс, – деп орынды ойымен бөлісті Санай атамыз.
Иә, қазақ үшін қара шаңырақтан киелі дүние жоқ. Көнеден жеткен қолөнердің бүгінгі көрінісі осындай. Оның ұмыт болуына жол бермей жүрген қариялар барда ата мен бала арасындағы рухани байланыс үзілмес.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА, Шұға ҚОҢҚАБАЙ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.