“Наурыз демалыстарын” енгізу ұсынылуда
Қазақстандық қоғам белсенділері Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында мектеп оқушылары мен студенттерге мерекелік демалыс енгізу туралы ұсыныс жасауда. Бұл туралы Kazakh-tv.kz. мәлімдейді. Ұсыныс тастаушылардың алға тартуынша, әсіресе жастар қауымы күн ұзарып, түн қысқарған осынау мезгілде демалуды қажетсінеді. Зиялы қауым өкілдері жобалы есебін де шығарып қойған: оқушылар мен студенттер наурыздың 14-24 аралығында, яғни 10 күн демалуы тиіс.
"Олар, біріншіден, үйді-үйіне барады, ата-аналарымен қауышады, тұрмысына көмектеседі. Сондай-ақ, бейімделу осы уақыттарда жүреді. Бір жағынан, мейрамдық қуаныш-шаттық ошақ басында өтеді, отбасымен қарсы алудың өзі ғанибет. Сондықтан бұл аралықты "Наурыз демалыстары" деп атаудың артықшылығы жоқ емес. Қазіргі таңда балалар мен студенттерге демалыстар беруі береді, бірақ олардың атаулары жоқ. Мына ұсыныс ұлық мейрамға жарнама да болар еді",-дейді жазушы Ғарифолла Есім.
Осындай-ақ, аталған жазушының пікірінше, "Наурыздың" символы қызғалдақ болуы керек. Бұл елге елеулі экономикалық әсерін тигізер еді, өйткені отандық гүл өсірушілер ауқымды партиямен қызғалдақ егуге кірісетіні шүбәсіз. Сонымен бірге, мереке барысында жаппай қазақ ұлттық киімдерін киюді бұлжымас дәстүрге айналдыру, танымал ету керек екенін ескертеді академик. "Егер сол мейрамдық киім киюді біз бастасақ, санымыз -17 млн., құрығанда 7 млн.-мыз тігуді бастайды. Мұның да, қарап отырсаңыз, экономикалық ықпалдары бар: қаншама жұмыс орындары ашылып, нешеме ісмерлер пайда болар еді"дейді ол.