Нәрия Ақбабақызы: “Алдағы өмірімді айтыссыз елестете алмаймын”
-Сөздің «Бисмилласін» Алматы қаласында өткен айтыста алған жүлдеңізбен құттықтаудан бастасам. Құтты болсын! Жалпы, сұхбатымыздың басында айтыстың өту барысы жайлы баяндап берсеңіз…
-Құттықтауларыңызға рахмет. Айтыс жоғары деңгейде өтті. Жетісуда жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа арналған оқушылар айтысы дәстүрлі түрде өтетін. Ал бұл жолғы арнаулы айтыс Республикадағы айтыс аламанында жүрген барлық студенттер арасында өтті. Оған демеушілік жасаған Жамбыл, Алматы облыстарының әкімдіктері және Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті.Айтыстың бірінші күнінде, яғни 16-ақпан күні 33 жоғарғы оқу орнынан келген жас ақындар іріктеуге қатысты. Оған жамбылтанушы, жыршы-термеші Ақан ағамыз, филология ғылымдарының докторыТемірхан Тебеген ағамыз, сондай-ақ, жас ақын Шұғайып Сезімхан қазылық жасады. Іріктеу кезеңінің айтысы 14-15 жұптан құралып, бір күнге созылды. Іріктеу кезеңінде маңғыстаулық ақынмен айтысып, жоғарғы ұпайды жинап, келесі кезеңге өттім. Ал оның ертесіне өтетін финалға 8 жұп болып шықтық. Онда мен Алматы обылысының ақыны екеуміз 7-ші жұп болып шығып, өнер көрсеттік. Қалған ақындар, өкінішке орай, өте алмай қалды. 8 жұпты құраған 16 ақынмен өткен бұл айтыстан кейін де, келесі кезеңге өттім. Шешуші кезеңде келесі өтетін айтыстың финалына жолдама алып, Құлмамбет атындағы арнайы жүлдемен марапатталып келдім.
-Айтыстағы қарсыластарыңыздың қарымы қандай екен? Оларды жеңіп, үш кезеңнен сүрінбей өту қаншалықты қиынға соқты?
-Айтыстағы қарсыластарым, шыны керек, ешқайсысы да осал емес. Алматыда өтетін Республикалық айтыс болғасын барлығы да үлкен дайындықпен келген. Олардың кез келгені «сен тұр, мен атайын» деген ақындар. Бірінші күні айтысқан маңғыстаулық ақын Ақниет суырып салмалығы мықты, тақырыпқа жан-жақты, өзіндік әзілі бар мықты айтыскер. Бірақ, оны қазылардың шешімімен, көрерменнің қолпаштауымен толықтай жеңдім деп айта аламын. Екінші күнгі қарсыласымның есімі – Аят. Магистратураның 1-курсында оқиды. Ол да көрерменмен тығыз қатынас жасай алатын, сөз саптауы мықты ақын болды. Бірақ, Аятты бірінші айналымда-ақ ұтымды жерден ұстап алдым да, жеңістің менде кететіне сенімді болдым. Негізінде, айтыстың биік өрге шығуы қарсыласыңа тікелей байланысты. Қарсыласың мықты болғанда ғана оны жеңуге тырысып, мықты айтыс жасауға себеп болады.
-Айтыс әділ өтті ме?
Осы сұрақ негізінен көп қойылады (күліп). Бұл жолғы айтысты әділ болды деуге болатын шығар. Өйткені, ешкім жүз пайызға әділ бола алмайды. Біреудің ойында басқа ақын жеңуі керек болған болса, біреудің ойында тағы басқасы жеңуі керек болып тұрады. Оның үстіне сөз дегенің «бір ұрдың, екі ұрдың» деген сияқты ұпаймен көзге көрініп тұратын нәрсе емес. Сөзге баға беру қиынның қиыны болғандықтан, әділқазыларды да түсінуге болады. Белгілі бір шарттарға негізделген тұрғыда бұл жолғы айтыс әділ өтті деп ойлаймын.
-Айтыс аламанында жүргеніңізге де біраз жыл болып қалған екен. Бұл жолғы айтыстың осыған дейін қатысып келген айтыстарыңыздан ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
-Бұл жолғы айтыстың ерекшелігі – үш күнге созылғандығы. Яғни, іріктеу кезеңі мен финалдардан тұрғандығында шығар деп ойлаймын. Айтысқа өте көптеген ақындар келді. Бұрындары ең көп дегенде 6 жұп қана болатын, яғни 12 ақын қатысатын айтыстар еді. Айтыс – ән айта салып кететін орта емес. Әр жұптың айтысы 30-40 минутқа дейін созылатын кездер болады.
Бізге бұрынғы айтыс жеңіл тиетін. Ал бұл жолғы айтыста сенің алдыңда өткен ақындар барлық мәселелерді айтып тастағаннан кейін, оның үстіне біздің жұпты соңғы сағаттарға қойғандықтан залды тарта білу аздап қиынға соқты. Айтыстың осы бір ерекшелігі көп тәжірибе сыйлады деп айта аламын.Сондай-ақ, көптеген ақындармен танысып, білісуім ерекше болды.
-Айтысқа қалай дайындаласыз?
-Жалпы, тойға барудың өзіне дайындық керек қой. Елдің алдына шығатын болғаннан кейін сөзің жай сөз болмай, шұрайлы, көркем сөз болуы керек.Айтыс өте көп дайындықты қажет ететін өнер. Бірақ, осыған дейінгі айтыстарға жақсы дайындықпен бардым деп айта алмаймын. Барлығында да ананың сүтімен келген суырып салмалық қасиет құтқарып қалған сияқты. Ал, дайындалсам, бұл кезеңге дейінгі деңгейден де жоғары деңгейде өнер көрсете аламын деп ойлаймын.
-Дайындалуыңызға не кедергі?
-Дайындалуға бір жағынан сабақ, күнделікті тұрмыс және өзімнің жалқаулығым кедергі деп ойлаймын. Дайындалатын адам бәрібір де уақыт табады ғой. Сондықтан, негізгі кедергі жалқаулығым және сабақ шығар деп білемін.
-Неліктен ақындықтың ауыр жолын таңдадыңыз?
-Мен таңдаған жоқпын. Осы өнерге тіпті келдім деп те емес, осы өнердің ішінде тудым деп айтқаным дұрыс шығар. Өйткені, өзімнің әкем, әжем, одан кейін ағам да айтысқа жақын болды. Бірақ, ағамнан бұрын үйде мен үлкен сахналарға шыға бастадым.Сондықтан, мен айтыстың ішінде тудым деп айтамын. Бұл өнерге қалай кіріп кеткенімді өзім де білмеймін. Алдағы өмірімді айтыссыз елестете алмаймын.
-Болашақтағы Нәрия Ақбабаны қалай елестетесіз?
-Айтыс – синкреттік жанрдағы өнер. Болашақта өзімнің көңілімнен өзім шығып, осы айтыстың биігінен көрінетініме сенімді болып жатсам, айтысты жалғастыра беремін деп ойлаймын. Ал, егер ондай болмай жатса, жазба поэзия немесе ғылымның бір саласымен айналысатын шығармын деген ойдамын. Бірақ, қай жағынан болса да, өзімді болашақта ардақты ана, аяулы жар болып, еліме қызмет ететін жан ретінде елестетемін.
-Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!
Сұхбаттасқан Қадірова Жұлдыз,
ҚМПИ студенті
Алла абыройлы өмір берсін! Мықтысың!!!!!көз тимесін!!
Бағың жансын
Алла жолыңды ашсын!Айтысыңды көріп ырза болдық.Қазақтың қызы сендей-ақ болсын!!!!!!Осындай жастарды қолдау керек!!
Жақсы сұхбат екен.