«Шуағын шашқан Наурыз»

Ұлыстың ұлы мерекесіне орай Н. Островский атындағы қалалық кітапхананың оқу залында осындай атаумен іс-шара ұйымдастырылды. Әз-Наурыз он күн бойы тойланатынына кітапхана оқырмандары да қуанышты екендерін жеткізуде.
16 наурыз – «Шежіре күні» болып бекітілгенін ескерген кітапханашылар шелпек пісіріп, жиналған көрерменге ауыз тизігіп, бір бөлімді «Туысым, түп-тамырым, қазығым» деп атады. Шежіресін білетін жандарға арналған бұл бөлімде жас оқырмандар жеті атасын жіктеп айтып беру керек. Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Бахыткүл Әлсейітқызы «қолөнер туындыларын жинау, сақтау, зерттеу және оны насихаттау – мұражайдың басты мақсаты» дей келе, қазақ халқының ғасырлар бойғы тәжірибесінен туындаған, ата-бабаларымыздан қалған мәдени мұрамыз, өнеріміздің төл туындыларынан көрме ұйымдастырып, көрермендерге ұлттық қолөнер жайлы әңгімелеп берді.
– Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан қазақтың тойында жасалатын кәде-жоралардың бірі – «Тойбастар» дәстүрі. Ән салып бастаған ақ жаулықты апаларымызға тойдан тобықтай тартулар үлестірілді. Кітапхана ішіндегі «Тұмар» өнерлі жастар клубының мүшелері «Ұлттық таным, ұлттық дәстүр» бөлімінде «Қамшы қайтару», «Біз шаншу», «Шүлен тарату» қатарлы ұмыт болып бара жатқан ежелгі дәстүрлерді жаңғыртып, шағын қойылымдарды жиналған көрермен назарына ұсынды. «Кермек дәм» атаулы ұлттық тағамдар айдарында жүргізушілер кітапхана қонақтары болған «Жанұя» отбасылық балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында Наурыз көжеге қосатын қоспалардан жұмбақ жасырып, мақал-мәтелдің жалғасын тауып анықтады. Белсенді болғандары үшін балалар естелік сыйлықтар алды, – дейді шараны ұйымдастушы Н. Островский атындағы орталық қалалық кітапхананың кітапханашысы Ботакөз Дүйсембаева.
Жастарды үнемі кітап оқуға баулып жүретін кітапханашылар мерекелік бағдарламаның «Мәртебелі поэзия мінбері» аталатын бөлімін 21 наурыз дүниежүзілік поэзия күніне арнап, оқырмандарды өлең-жырдан сусындатты. Көптің алғысын алу амалы ретінде «Шүлен тарату» дәстүрімен барлық қонақтарға іс-шара соңында ұлттық тағамдардан дәм татқызды. Кітапхананың егде оқырманы Іркітбай ата кітапхана шаңырағына жиналған барша оқырманға «әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын» деген адалдық ақ ниет, ақ тілек-батасын берді.
Жасаған жақсылығын жарнамалайтын әдеті жоқ мейірімді жан мерекелік іс-шараға лайықты безендіру жасауға, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әрбір келген қонақтың көңілін көтеруге демеушiлiк жасап, қайырымдылық көмек көрсеткенін айта кету керек.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓