Аманжол Күзембайұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор: «Наурыз мейрамының түп төркіні тереңде»

29539169-936Алдымен, Наурыз жайында әңгіме қозғамас бұрын оның тарихына тоқталайық. Бұл жайында әр тарихшы түрлі-түрлі пікір айтып жүр. Ал, менің ұғымымда аталған мейрам бөтен елден немесе халықтан келген жоқ. Біздің төл мерекеміз. Кейбіреулер «көне ирандықтардан қалып, «Жаңа күн» деген мағынада түркі жұртына жетті» деп жүр. Мен бұған келіспеймін. Еске алсақ, андронов мәдениеті мен қола дәуірінде Қазақстанды мекендеген тайпалардың тілінен «Наурыз» сөзі шыққан. Бұған осетин ғалымы филолог, өлкетанушы Василий Абаевтың тұжырымын мысалға алайын. Ол ертеректе сақ тайпалары көне иран тілінде (фарсы) сөйлегенін алға тартады. Анау Дунай мен Алтай бойын мекендеп, көшіп-қонып жүрген әр тайпаның бір ғана тілде сөйлеуі тіпті, мүмкін емес. Олар түркі, мұңғыл, фарсы тілдерінде тілдескен. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізгенде ғалымдар осындай тұжырымға келген. Сондықтан да бұл Әз-Наурыз мейрамының түп төркіні сонау бағзы замандағы қазақстан аумағын мекендеген тайпалардан, әсіресе, сақтардан бізге жеткен.
Керек десеңіз, Бірінші Петрға дейін славян халықтары һәм угро-финдер жаңа жылын осы көктем мезгілі – Наурыз айынан бастаған. Петр патша тағына отырғаннан соң григориан күнтізбесін енгізіп, жаңа жылды қаңтардан бастатқан ғой. Содан соң Наурыз мейрамын тойлату сейіле түсті. Кеңес заманында бұл меркені діни деген түсінік қалыптасып, тіпті, атап өтуге тиым салынды. Тек 1980 жылдың аяғына таман Өзбекәлі Жәнібеков қана Наурызды қайта жаңғыртты. Ел-елде, жер-жерде қайтадан қадірі артып Наурыз тойлана бастады.
Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толады. Жаппай Қазақстанда Наурыз мейрамының аталып өтіліліп келе жатқанына да 30 жылдың жүзі болып қалды. Міне, содан бері әлі бір сарында тойлап келеміз. Түрпідей тисе де айтайын, мезі болдық. Бұл турасында халық арасында да алуан пікірлер туындап жүргені де ақиқат. Егер идеясын одан әрі біз дамытатын болсақ, Наурыздың мағынасы мен мазмұны тереңдей түседі. Менің ойым: Наурыз айында біз кигіз үй тігіп, әрбір тіккен ақ шаңқан үйлерге бәсеке жүргізудің қажеті жоқ. Тіпті, бұдан мезі болдық. Әр түрлі сипатпен неге төл мерекемізді атап өтпеске? Мәселен, осы күні өнерімен, талантымен, ғылымда танылып жүрген жандарға демеушілік көрсетіп, әр шағын ауданда отбасылық игі-шаралар өткізбеске?! Оларға да жүлде тағайындау қажет. Зейнеткерлерге зейнетақысын, қызмет істеп жүрген адамдарға еңбекақысын, көп балалы аналарға, мүгедектерге жәрдемақысын қосымша бірайлық көрсеткішпен неге бергізбеске?!Басқа күнін қайдам, аты мәшһүр жандарға мемлекеттік марапаттарды осы құтты күні неге бергізбеске?! Жетім-жесірлерге көмекті қалталы азаматтар неге осы күні беруді ұйымдастырмасқа?! Міне, сонда ғана Наурыз мейрамының қадір-қасиеті арта түседі емес пе?! Барлығы жыл бойы тағатсыздана тосар еді ғой. Бұл әрине, менің пікірім.
Ал, құрметті ағайын, қадірлі жерлестер! Ұлыстың ұлы күні баршамызға құтты болсын! Әлгінде айтылған игі ниеттен шыққан ойымыз орындалсын! Сонда ғана Наурыз мейрамының құны, мән-мағынасы арта түседі.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓