Қостанайдан – Қызылордаға
Ағымдағы жылдың 6 сәуірінде Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ресми ашылуы болды. Айтулы шара аясында, «Бейбітшілік және келісімнің жол картасы» жобасының шеңберінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы 20 игі іс» эстафетасы басталды. Республикалық акцияның мақсаты әлеуметтік-маңызды жобаларды, қайырымдылық іс-шараларын өткізу. Яғни әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға, соғыс және тыл ардагерлеріне, жетім балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік мекенжайлы әлеуметтік көмек көрсетілмек.
Бірлік пен қонақжайлықтың белгісі санатын тайқазан – эстафета нышаны. Республикалық эстафета үшін Тайқазанның көшірмесі жасалыпты. Ол еліміздің барлық облыстары мен қалаларын аралап шықпақ. Қостанай облысы бұл маршруттағы 13-і өңір. Тобыл өңірінің делегациясын Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Бағытұр Дәндібаев және облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Жанділда Мақанов басқарады. Қостанайлық өкілдер Тайқазанды Ақтөбе облысынан әкелген еді.
Бүгін 20 игі істің нышаны Тайқазан Қызылорда облысының өкілдеріне салтанатты түрде табыс етілді. Одан кейін ол Қарағандылықтар қолына беріледі. Сөйтіп, 14 сәуірде Астана қаласына қайта оралмақ.
Ал 23 сәуірде ігі істерге толған Тайқазан Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXII-і сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырылады.
Махаббат Бекбай
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков