“Наурыз – береке бастауы”
Бүгін Н.Островский атындағы қалалық кітапханада "Аңызға айналған наурыз мейрамы" атты Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы іс-шара өтті. Оқырмандар мен медициналық колледждің студенттері назарына кітапхана қызметшілері мен гуманитарлық колледждің дарынды жастары өнер көрсетті.
Ән әуелеп, күй күмбірлеп, ұлттық билер шараның көрігін қыздырды. Қазақы нақыштағы қойылымдар қойылып, Қыдыр атаның кейпі сомдалды. Жүргізушілер көрермендерге қазақ халқының салт-дәстүрін, ұлттық дүниетанымын, киім-кешек, тұрмыстық бұйымдарын таныстырып, дәстүрлі ойын түрлері, Наурыз мейрамындағы ырым-жоралғылар туралы түсінік беріп отырды. Сондай-ақ, шараға шақырылған арнайы қонақтар да бар: өзбек, татар, армиян ұлттарының өкілдері орта толтырды. Оларға да сөз беріліп, өз салт-дәстүрлерімен, ұлттық тағам түрлерімен таныстырып, өнерлерін көрсету қолқаланды.
Әрқайсысы өз ұлттарының Наурыз мейрамын қарсы алудағы ерекшеліктерін тілге тиек етіп, көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Көремендер үшін көрнекілік ретінде "Наурыз – береке бастауы" атты көрме сөресі де жаюлы тұрды. Ал, облыстық тарихи өлкетану мұражайының өкілі Назима Оташева қазақ халқының ертеректе тұтынған ыдыс-аяқтары мен тұрмыстық бұйымдарын таныстырды. Кеш соңында барлық қатысушылар мейрамның басты тағамы – Наурыз-көжеден дәм татып, мәз-майрам болып тарқасты.
Ж:Балғынбекұлы.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.