Көркем көрме Қостанайда
Петропавлдағы "Абылай хан резиденциясы" музей кешенінің "Ордасы ұлы Абылайдың" атты жылжымалы көрмесі Қостанай қаласында. Бүгін Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалды музейінде аталған көрменің ашылу рәсімі өтті.
Былтыр "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ынтымақтастық меморандумына қол қойылған еді. Бұл рухани шара сол келісім шеңберінде іске асып отыр. Өткен жылы Тобыл-Торғай өңірінің жәдігерлері петропавлдық жұртшылыққа таныстырылған болса, биыл қызылжарлық музей Қостанайға келіп отыр. Осынау оқиғаға куәгер болу үшін облысқа танымал тарихшылар, ақын-жазушылар шақыртылған.
Сондай-ақ, ЖОО студенттері, мектеп оқушылары қатысты. Жиын басында облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов бұл шараның мәні, екіжақты әріптестік келісімнің маңызы туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, "Абылай хан резиденциясы" музей кешенінің директоры Аян Саттаровқа алғыс хат, сый-сияпат табыс етті.
Қадірлі мейман да қостанайлық әріптестеріне құр қол келмепті. Ұлы ағартушы атындағы музейдің ұжымына естелік сыйлық тапсырды. А.Саттаровтың айтуынша, қызылжарлық музей кешеннің он жылдық тарихы бар. Оның ашылуына ҚР тұңғыш президенті Н.Назарбаев қатысыпты. Бүгінге дейін рухани нысан қазақтың ұлы ханы Абылайға қатысты көптеген жәдігер, дерек-құжаттармен толыққан екен. Әйтсе де, оның барлығын Қостанайға алып келуге мүмкіндіктің жоқ екені анық.
Көпшілік назарына көрмеден бұрын оқушылар Ы.Алтынсариннің өлеңдерінен дайындаған шағын қойылымдар және Абылай хан туралы деректі фильм ұсынылды.
Арнайы бөлменің керме жібін қию рәсімі өткен соң, жиылған жұрт лек-легімен кіріп, тарихи жәдігерлермен танысып жатты.
Көрмеге 30-дан астам экспонат қойылыпты. Үш жүздің басын қосқан хан Абылай туралы кітаптар, Ресей үкіметіне жазған хаттары, ол тұтынған тұмар, сол заманға тиесілі қару-жарақтар бар. Сондай-ақ, сөреден Қазыбек (Тышқан) батырдың найзасының ұшын кездестіруге болады. Ол да ХVIII ғасырда жоңғарларға қарсы соғыста ерлігімен көзге түскен жаужүрек батырлардың бірі болған. Мұның сыртында, көненің көзіндей болған тұрмыстық бұйымдардың, ежелгі ұлттық аспаптарымыздың тарихын біле аласыз.
Көрме 12 сәуірден 12 мамырға дейін үздіксіз жұмыс істейді.Айта кету керек, осы шарамен қатарлас, Қостанайдағы орта мектеп оқушылары арасында өткен Ы.Алтынсарин туралы эсселер байқауы қорытындыланды. Жеңімпаз жеткіншектер мен олардың жетекшілері жүлделі орындармен марапатталды.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев