Ерлік мәңгі өшпейді

Өткен жылы облыста Жеңістің 70 жылдығына арналған тағылымдық эстафета бастау алғаны мәлім.Ұлы Отан соғысындағы аталар ерлігін насихаттау мақсатында және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындық жұмыстарын арқау еткен ғылыми-практикалық конференцияда  «Қостанай облысының әскери даңқ кітабын» жасау туралы қарар қабылданған еді. Көп ұзамай кітап қолдан-қолға өтіп, тұтас облыс аралап жүр.
Алтынсарин ауданынан басталған сол эстафета  теріскей өңірге жеткізілген. Енді міне, федоровтықтар оны Меңдіқара ауданына салтанатты түрде табыстады.
Шараға аудан әкімі Қайрат Ахметов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин, облыстық архив және құжаттар басқармасының жетекшісі Гүлнар Меңдекинова, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Қалмақов және Меңдіқара ауданы әкімінің міндетін атқарушы  Құрманғазы  Сәдуақасовтар қатысты.
Ертеңгісін «Тәуелсіздік» алаңындағы ҰОС жылдарында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу мемориалының жанында митинг болды. Қонақтар Кеңес Одағының батыры Г.М.Кравцовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейінгі шара аудандық «Жастар» мәдениет сарайында жалғасты. Мәдениет ошағының фойе­сінде «Соғыс эпизодтары: соғыстың алғашқы жылдары, әскери госпиталь, «В бой идут одни старики» кинофильмінің үзінділері, жауынгерлер демалысы мен жеңіс сәтін бейнелейтін картиналар қойылды.
Сонымен қатар ҰОС ардагерлерінің жеке құжаттары мен архив мәліметтері, №1-ші Дмитров орта мектебіндегі музейдің жәдігерлері, 1941-45 жылдардағы «Ленинский путь» (қазіргі  «Федоровские новости») газетінің тігінділері, Жеңістің 70 жылдығына арналған кітап көрмесі келушілерді бей-жай қалдырмайды. Соғыс жылдарынан сыр шертетін жинақтардың арасынан атақты генерал Г.Жуковтың қолтаңбасы бар  «Генарал Г.К.Жуков: естеліктер мен толғаныстар» кітабы ерекше әсерге бөлейді.
Көп ұзамай сахнаға аудандық ІІБ қыз­меткерлері Әскери даңқ кітабын алып шықты.
– Біз соғыс жылдарындағы қазақстандық жауынгерлердің  ерлік істеріне қанықпыз. Ардагерлер қандай құрметке болсын лайықты. «Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешкен» сол бір ауыр кезеңдерді басынан өткерген  біздің аталарымыздың  даңқты жолы бүгінгі жас ұрпаққа үлкен өнеге, – деп атап көрсетті Федоров ауданының әкімі Қайрат Ахметов. Осыдан кейін аудан басшысы Қостанай облысының Әскери даңқ кітабын салтанатты түрде Меңдіқара ауданына табыс етті.
Мерекелік шара барысында аудан Мәдениет үйінің жанынан құрылған үрмелі аспаптар оркестрі, «Свинток» хоры мен «Жігіттер» вокалды  тобы өнер көрсетті.
Айбек
     КӘДІРҰЛЫ
Федоров ауданы.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓