Салыққа салғырт қарамаған жөн
Өңірімізде жергілікті бюджеттің 55% жұмысшылардан жиналған салықтан құралады. Ал биыл көптеген кәсіпорындардың табысы төмендейді деп күтілсе, қазынаға келіп түсетін кіріс те азаяды деген сөз. Тек былтырғы жылдың алғашқы жартыжылдығында өңіріміздің бюджеті 500 миллион теңгеге толмай қалған.
Салық базасын ауқымды ету мақсатында салықтық әкімшілік басқару сапасы арттырылмақ. Салық пен төлемдердің бюджетке толық әрі уақтылы келіп түсуі қадағалауға алынып, салық төлеушілер дер кезінде құлақтандырылып отырады. Бұл – аймағымыздың 2016 жылғы кіріс бөлігін қамту шараларына қатысты бекітілетін дағдарысқа қарсы жоспары. Құжатты облыстық кіріс департаментінің басшысы Айбек Паяев таныстырды. 44 тармақты құрайтын жоспар аймақтағы 20 департамент пен басқарманы қамтып отыр. Департамент басшысы дағдарысқа қарсы жоспар оған қатысатын мемлекеттік органдардың өзара ықпалдастығына байланысты деді.
– Өткен жылдың аяғында облыстық ІІД қызметкерлерімен бірлескен рейдтердің нәтижесінде 2,4 мың көлік жүргізушіден бюджетке 40 млн. теңге қайтарылды. 2,1 мың көлік иесінен 92 млн. теңгені өндіріп алу және әкімшілік жауаптарға тарту жөнінде іс материалдары сотқа жолданды. Жалпы берешегі 3,8 млн. теңгені құрайтын 23 автокөлік бұғатталды. Бұдан бөлек, флешмоб түрінде, үнпарақтар тарату арқылы түрлі шаралар қолға алынған. Осындай жұмыстардың арқасында көліктен түсетін салық 200 млн. теңгеге артығымен орындалды, – деді Айбек Паяев.
Аймағымызда рұқсат құжаттарынсыз жарнама орналастыру заң бұзушылықтары азаймай отыр. Мұндай деректер, әсіресе, Қостанай, Рудный, Лисаков, Арқалық қалаларында көп тіркелген. Мемлекеттік кіріс департаменті мен аудан-қалалардың өкілетті органдарының бірлесе атқарған жұмыстары да оң нәтиже беріп, қазына 72,2 млн. теңгеге толыққан.
Дегенмен салық міндеттемелерінің орындалуын қадағалауға әділет департаменті тарапынан келтірілген анықтамалар мен ақпараттардың бұрмаланып жеткізілуі кесірін тигізбей қоймапты. Әділет органы берген мәліметтердің 10% қате. Аймағымыздағы 16 өңірден алынған материалдарда біресе жеке идентификациялық номер (ЖИН) жоқ, кейбір ЖИН мен салық төлеушінің нөмірі сәйкес келмейді. Енді бірде азаматтардың туған жылы мен ай-күні дұрыс көрсетілмеген. Жоғарыдағыдай келеңсіздік көлік құралдары мен көлік иелеріне де қатысты. Мемлекеттік кіріс департаментінің осы келеңсіздіктерді ретке келтіру мақсатында бірлесе рейдтер ұйымдастыру туралы ұсынысынан Алтынсарин, Денисов, Жітіқара, Қамысты, Қарасу аудандарының ішкі істер саласы қызметкерлері бас тартқан.
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов мұндай маңызды науқанда барлық органдардың жұмыла жұмыс істеуін тапсырды. Әсіресе, салықтан жалтаратындар мен жалған кәсіпкерлік құрғандардың заңсыз қызметін әшкере ету де ұдайы уақыттың назарда болатынын ескертті.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ