Ет кластері жандана түспек
Тобыл өңірінде мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мәселен, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерге қарағанда, облыста төрт түлік пен құстың саны өскені байқалады. Сәйкесінше, өнім өндіру көлемі ұлғайған. Сандарға шақсақ, сүт 4,1%-ке, жұмыртқа 14,6%-ке өскен.
Бұл мемлекет қамқорлығының арқасында қол жеткен табыс әрі мақсатты бағдарламалардың жергілікті жерде нақты жеміс бере бастауының жарқын көрінісі.
-Біз осыны одан әрі жалғастыра беруіміз керек. Әсіресе, салалық бағдарламаларды орындауда ілкімділік танытқан жөн,-дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов. Оның айтуынша, үстіміздегі жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шаруалар 5200 қара мал сатып алуды көздеп отыр. Әзірге, 372 ірі қара әкелінген. Аграрлық несие корпорациясына кәсіпкерлерден тағы 680 зеңгі баба тұқымын сатып алу туралы өтініш келіп түсіпті. «Құлан» бағдарламасы бойынша 2000 жылқы әкелу жоспарланса, күні бүгін соның 62-сі шаруашылықтарға жеткізілген. «Алтын асық» бағдарламасының да тиімділігі арта түсіпті. Биыл 3500 қой сатып алынбақ. Ал, «Ырыс» бағдарламасы бойынша 6 сүт фермасы бой көтереді. Бұлардың әрқайсысына 450 сауын сиырдың күтімі жүктелген.
Өңірде жайылымдарды сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасастырылатын болады. Ғ.Нұрмұхамбетов облыс бойынша 30 ұнғыма салу жоспарда тұрғанын айтады. Әзірге соның тоғызының құрылыс жұмыстары басталған.
-Етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытудың өңіраралық кооперацияларын құру мақсатында ҚР ауылшаруашылығы министрлігі мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарымен бірлескен жоспар түзілді,-деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.-Осы жобаның шеңберінде облыста ет кластері жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде облыста мал шаруашылығы саласын дамытуға соны ықпал етері сөзсіз.
Биылдың өзінде барлық дәрежелі шаруашылықтарда қара мал санын 454 мыңға дейін немесе 7,5%-ке жеткізу көзделген. Жекеменшік және ауылшаруашылық құрылымдарында асыл тұқымды сиырлардың саны 38%-ке ұлғаюуы мүмкін.
Мал бордақылау алаңдарының өндірістік қуаттылығы арқасында «Терра», «Қараман», «Алтынсарино» ЖШС-тері бір мезетте 14 мың қара малға дейін өсіруге қауқарлы. Осы арқылы өңірде ет өндірісінің көлемін арттыруға мүмкіндік бар.
Жалпы, үстіміздегі жылы облыс шаруалары 3000 тонна сиыр етін экспорттауды жоспарлап отыр.
Айбек КӘДІРҰЛЫ